«Қарлығаш» балабақшасы №3 нысанының базасында «Тілге бойлау - мектеп жасына дейінгі мақсатты тілді оқытудың тиімді әдісі ретінде» тақырыбында тәжірибелік алаңның жабылуына байланысты қалалық семинар өтті. Аталған іс-шара сол тәжірибелік алаңның 3 жылғы жұмыс нәтижелеріне арналған.
Семинар басталарда «Қарлығаш» балабақшасының директоры Бейбітгүл Қазақпаева тәжірибелік алаңның қатысушыларына толағай табыс пен нәтижелі жұмыс тіледі, сондай-ақ семинарға келген қонақтарға уақыт бөліп қатысқаны үшін алғыс айтты. Семинар аясында педагогтар ашық сабақтар өткізіп, өз тәжірибелерін практикада көрсетті.
Теориялық кезеңде «Қарлығаш» балабақшасы №3 нысанының меңгерушісі Әсел Жоламанқызы тәжірибелік алаң педагогтерді республикалық, халықаралық деңгейде оқытуға, баланың тілін дамытуға арналған жаңа технологиялар мен әдістерді зерделеуге және енгізуге мүмкіндік туғанын жеткізді. Ал балабақша №3 нысанының әдіскері Тазагүл Рамазанқызы өз кезегінде тілге бойлау әдісінің негізгі қағидаларына, тәжірибелік алаңда қолданылған инновациялық әдіс-тәсілдерге тоқталды. Аталған тәжірибелік алаңға қатысқан ағылшын тілі мұғалімі мен балабақша тәрбиешісі оқыту процесіндегі тәжірибесін бөлісті.
Қалалық семинарға кәсіпорынның қызметкерлері, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Білім беруді жаңғырту орталығының» басшысы, ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің бас сарапшысы, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы зертханасының меңгерушісі, т.б. қатысты.
Іс-шара соңында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы зертханасының меңгерушісі Бижан Игенбаева: «Сіздерде педагогтер ғана емес, қабырға, шкафтар, тақталар да балалардың дамуына «жұмыс істеп жатыр». Біз осыған талпынамыз, бірақ әлі жете алмай келеміз. Ал сіздерде бұл қазірден-ақ бар. «Тілге бойлау» әдісін республикалық деңгейде тарату керек. Өйткені бұл – өте тиімді әдіс», деп сарапшы ретінде өз пікірін білдірді.