Білім беру саласындағы ынтымақтастық және халықаралық тәжірибе алмасу
Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Астана қаласының және еліміздің басқа өңірлерінің жетекші білім беру ұйымдарымен, жоғары оқу орындарымен, ғылыми-әдістемелік орталықтармен және халықаралық білім беру ұйымдарымен ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келеді.
Серіктестіктің негізгі мақсаты – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасын арттыру, озық педагогикалық тәжірибелерді енгізу, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту және мектепке дейінгі және бастауыш білім беру арасындағы сабақтастықты нығайту.
Ынтымақтастықты дамытудың маңызды қадамдарының бірі – 2024 жылғы қарашада Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы. Сонымен қатар 2024 жылы Жетісу облысының білім басқармасымен, ал 2025 жылғы қыркүйекте Perspective Elementary School мектебімен ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды. Бұл серіктестік білім беру ұйымдары арасында тәжірибе алмасуды кеңейтуге және мектепке дейінгі білім берудің заманауи тәсілдерін дамытуға бағытталған.
2026 жылғы маусымда «Қарлығаш» балабақшасы International Community Schools (ICS) халықаралық білім беру желісімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келісім халықаралық тәжірибе алмасуды дамытуға, көптілді білім беруді жетілдіруге, XXI ғасыр дағдыларын қалыптастыруға және балалардың білім берудің келесі сатысына табысты өтуіне жағдай жасауға бағытталған.
«Қарлығаш» балабақшасының тілдік ортаға бойлау әдісін енгізу бағытында да тәжірибесі бар. Бұған дейін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының пилоттық жобасы аясында балабақша эксперименттік алаң ретінде жұмыс жүргізді. Жоба шеңберінде педагогтердің кәсіби даярлығын арттыруға және халықаралық тәжірибені зерделеуге басымдық берілді. Жинақталған тәжірибе көптілді білім беру ортасын одан әрі дамытуға негіз болды.
Педагогтердің кәсіби шеберлігін жетілдіру және әдістемелік әлеуетін арттыру ғылыми-әдістемелік ұйымдармен ынтымақтастық, біліктілікті арттыру курстары, семинарлар, конференциялар мен тәжірибелік іс-шараларға қатысу арқылы жүзеге асырылады.
Атап айтқанда, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ ұйымдастыратын кәсіби іс-шаралар педагогтердің инновациялық идеяларын таратуға және озық тәжірибелерін танытуға ықпал етеді. 2026 жылы балабақша педагогі «Педагогикалық идеялар панорамасы – 2026» республикалық байқауының өңірлік кезеңінде III дәрежелі дипломмен марапатталды.
Ұжым халықаралық тәжірибені зерделеуге және шетелдік білім беру қауымдастығымен кәсіби байланыстарды нығайтуға ерекше мән береді. Балабақша қызметкерлері мектепке дейінгі білім беру мәселелеріне арналған Токио, Мәскеу, Санкт-Петербург, Екатеринбург, Прага, Милан, Таллин және Баку қалаларында өткен халықаралық конференциялар мен семинарларға қатысты. Халықаралық іс-шараларға қатысу мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың түрлі модельдерімен танысуға, заманауи педагогикалық тәсілдерді зерделеуге және кәсіби байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік берді.
2026 жылғы маусымда педагогтер Финляндияның тиімді білім беру тәжірибелерін зерделеу және оларды отандық білім беру үдерісіне бейімдеу бағытында жұмыс жүргізді. Сонымен қатар балабақша базасында халықаралық мамандардың қатысуымен «ЭКО және МЕДИА – балабақшадағы инновациялық білім беру кеңістігі» тақырыбында республикалық семинар ұйымдастырылды.
Аталған іс-шаралар кәсіби тәжірибе алмасуға, инновациялық әдістерді талқылауға және мектепке дейінгі білім беру саласындағы әріптестік байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.
Бүгінде «Қарлығаш» балабақшасы білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, педагогтердің кәсіби дамуын қолдау, ғылыми-әдістемелік қызметті жетілдіру және халықаралық озық тәжірибелерді ұлттық білім беру жүйесінің ерекшеліктеріне бейімдеу бағытындағы жұмыстарын жалғастырып келеді.