Осыдан 30 жылдан аса уақыт бұрын тәрбиеші мамандығын таңдаған Тазагүл Шаштавлетова: «Мен бақытты адаммын. Себебі бұл мамандықта бір орында тоқтап тұру мүмкін емес. Өйткені балалармен бірге үнемі өсіп, өзіңізді дамытып отыруыңыз керек», – дейді.
Ол 1986 жылы Целиноград педагогикалық училищесін аяқтап, тәрбиеші болып жұмысқа орналасты. Еңбек ете жүріп білімін жетілдіруді де ұмытпады. 2008 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетін, Ал 2013 жылы «Астана» университетін оқып тәмамдады.
Тазагүл Рамазанқызы «Қарлығаш» балабақшасында 12 жылдан бері қызмет етіп келеді. Соның кейінгі 4 жылын әдіскер болуға, педагогтерге әдістемелік кеңес беруге арнап жүр.
Кейіпкеріміздің еңбегі еленіп, 2020 жылы Президент Іс басқармасынан Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына төсбелгісімен марапатталды. Алайда оның ең үлкен марапаты – тәрбиелеп, балабақшадан ұшырған қарлығаштарының түрлі дарынды балаларға арналған мектептерде білім алып, кейбірінің беделді университеттерді бітіргені, бастысы мықты маман болғаны.