«Қарлығаш» балабақшасы №1 нысанының базасында «Театр өнері арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың шығармашылық белсенділігін дамыту» тақырыбында тәжірибелік алаңның жабылуына байланысты қалалық семинар өтті. Аталған іс-шара сол эксперименттің 3 жылғы жұмыс нәтижелеріне арналған.
Қалалық семинарға кәсіпорынның қызметкерлері, ҚР БҒМ Балаларды ерте дамыту институтының директоры, қалалық мектепке дейінгі ұйымдардың әдіскерлері, Л.Гумелев атындағы ЕҰУ доценті мен студенттері, т.б. қатысты.
Семинар басталарда «Қарлығаш» балабақшасының директоры Бейбітгүл Қазақпаева қатысушыларға толағай табыс пен нәтижелі жұмыс тіледі, сондай-ақ семинарға келген қонақтарға уақыт бөліп қатысқаны үшін алғыс айтты. Семинар аясында педагогтар ашық сабақтар өткізіп, өз тәжірибелерін практикада көрсетті.
Теориялық кезеңде «Қарлығаш» балабақшасы №1 нысанының меңгерушісі Нұрғайша Тлеуқабылқызы баланың шығармашылық мүмкіндіктері мен табиғи қабілеттері театрландырылған іс-әрекетте жақсы ашылатынын атап өтті. Оның айтуынша, эксперименттік алаң жұмысы аясында дидактикалық материалдар толықтырылып, балабақшаның материалдық базасы ұлғайтылды. № 1 нысанның тәрбиешісі мен музыканты өз кезегінде эксперименттік алаңда қолданылған әдістер мен инновациялық технологиялардың негізгі принциптеріне тоқталды.
Іс-шара соңында Л.Гумелев атындағы ЕҰУ доценті Фатима Ниязбекқызы: «Студенттерімнің тәжірибе жүзінде кәсіби, білікті кадрларды және олардың жоғары деңгейдегі жұмыстарын өз көзімен көргеніне ерекше қуанып отырмын. Теориялық негіздемесіз нәтиже болмайтынын білеміз. Бірақ тәжірибе болмаса, кадрлар да өздерін дамытпайды. Бұл семинар студенттеріміз үшін өте пайдалы болды, себебі олардың практикасы пандемия кезіне қабат келген болатын», деп сарапшы ретінде өз пікірін білдірді.