Біз әдетте санау таяқшаларын тек санауды үйретуде қолданылады деп білеміз. Сөйтсек, санау таяқшаларының балаларға қажетті басқа да дағдылардың дамытуға көмегі көп екен. Бұл туралы бізге Ресурстық білім беру орталығының кәсіби маманы Құралай Тусупова айтып берді. «Негізі санау таяқшалары біз білмейтін түрлі мүмкіндіктерге ие. Бұл қолдың ұсақ моторикасын, баланың зейінін, қиялын, ойлауын, сөйлеуін дамытуға, сауатын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар геометриялық көріністерді қалыптастыруға және кеңістіктік қиялды дамытуға мүмкіндік береді», дейді Құралай Мерекеқызы.
Санау таяқшалары арқылы баланың бірнеше дағдысын дамытуға арналған ойын-жаттығулары:
- «Пішіндер мекені». Балаға кішкентай кезінен пішіндердің негізгі түрлерін үйрету қажет. Ал бұл үшін осы санау таяқшаларын қолдана аласыз;
- «Әріптермен танысайық». Санау таяқшаларымен әріптерді бейнелейміз. Тапсырманы баланың жас ерекшелігі мен қабілетіне қарай күрделендіре беруге болады. Мысалы, әріптерден сөз, сөздерден сөйлем құрауды, сөздерге дыбыстық және әріптік талдау жасауды тапсырыңыз;
- «Конструктор таяқшалар». Мұнда санау таяқшаларын ермексаздан жасалған шариктердің көмегімен байланыстыра отырып, үшөлшемді фигуралар құрастыруға болады. Осы арқылы балалардың қиялын, шығармашылық ойлауын және кеңістікті бағдарлау қабілетін дамытамыз.