Дүниеде адам қалыптастырудан, бала тәрбиелеуден асқан ұлы іс жоқ. Сондайда тәрбиешіден артық ғажайып мамандық жоқтай көрінеді. Өйткені дәл осы маман алдындағы бүлдіршіндеріне бойындағы барын беру арқылы біздің болашағымызды тәрбиелейді.
Жексембаева Айна Мұхаметқалиқызы «Қарлығаш» балабақшасында 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Өзінің 30 жылдан аса еңбек өтілін бала тәрбиесіне арнап келеді. Биыл «Қарлығаш» балабақшасындағы 10-шы рет өзі тәрбиелеген тобын ұядан ұшырып, мектепке жіберді.
«Ең алғашқы түлектерім қазір мектеп бітіріп жатыр. Олар маған ерекше шабыт береді, себебі жас та болса білім әлемінде өз орнын тауып, еліміздің алдыңғы қатарлы зияткерлік мектептерінің мақтаулы, үздік түлектеріне айналып үлгерді. Оқуда озат болумен қатар өнер мен спортты да серік еткен. Олардың өмірге деген құлшынысын көріп қанаттанамын. Шәкірттерім – менің мақтанышым!», – дейді тәрбиеші.
Майталман маманымыз әрдайым ізденуден жалықпайды, «Сауат ашуға арналған дидактикалық материалдар» атты әдістемелік жинақ құрастырғаны осы сөзімізге дәлел бола алады. А.Жексембаеваның аталған еңбегін қазірде еліміздің жас мамандары қолданып жүр.
Еңбегі елеулі қызметкеріміз өзі қызмет ететін балабақшадан, Медициналық орталықтан, Президент Іс басқармасынан, қалалық білім басқармасынан алғыс хаттар, дипломдар иеленген. Соның ішінде Медициналық орталық атынан 2019 жылы «Үздік еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.