Білім мен тәрбиенің сапасы педагогтің біліктілігіне байланысты екенін жиі айтамыз. Бірақ педагогке де педагог керек. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласында «педагогтардың ұстаздары» әдіскерлер болып саналады.
Баймұқамбетова Алтын Дауылбекқызы 5 жылға жуық әдіскер қызметін атқарып келеді. Ол ең жоғары «педагог-зерттеуші» біліктілік деңгейіне ие. Кейіпкеріміз 36 жылын білім саласына арнап келеді. Міне, оның тату ұжымға қосылғанына 10 жылдан асты. Ұжымымыздың қызметкерлері, әсіресе педагогтер мен тәрбиешілер оны жедел ұйымдастырушы, еңбекқор, ісіне тиянақты, жауапкершілігі мол, ұқыпты маман ретінде біледі.
Алтын Дауылбекқызы тәрбиешілерге білім беру бағыттарын жүзеге асыру бойынша ұсыныстар береді, әдістемелік көмек пен түрлі шараларды ұйымдастыруда кәсіби құзыреттілік деңгейін көрсетіп келеді, әріптестерімен қарым-қатынасын әрқашан өзара сенім мен ынтымақтастық негізінде құрып отырады. Ал Алтын Дауылбекқызының ынталы, өз ісіне қызығатын, жоғары нәтижеге, білім сапасына қол жеткізуге ұмтылатын тұлға ретіндегі қызметіне балабақша тәрбиеленушілерінің ата-аналары лайықты бағасын беріп жүр.
Еңбегі мен шығармашылығы үшін «Қарлығаш» балабақшасының, ҚР ПІБ Медициналық орталығының, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің және Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен марапаталған.