ҚР ПІБ Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшаларында 6 педагог-психолог жұмыс істейді. Олардың кәсіби қызметінің негізгі бағыты - мектеп жасына дейінгі кезеңде баланың дамуын қадағалау, танымдық, эмоционалды-ерікті және тұлғалық сфераларда диагностика және түзету-дамыту жұмыстарын жүргізу.
Марина Полишукова-"Қарлығаш" балабақшасының ең тәжірибелі педагог-психологтарының бірі, "Педагог-шебер" біліктілік санатына ие. Мамандығы бойынша жұмыс өтілі - 16 жыл, оның ішінде 11 жыл ҚР ПІБ Медициналық орталығының "Қарлығаш" балабақшасында жұмыс істейді.
Түзету-дамыту жұмыстары топтық, шағын топтық және жеке түрде жүргізіледі. Танымдық, шығармашылық, ойын сипатындағы әдістер қолданылады: арт-терапия, көрнекі әдістер, интерактивті технологиялар.
«Әсіресе ата-анамен жұмысқа ерекше назар аударамыз, себебі дер кезінде кеңес беру психиканың дамуындағы, баланың мінезін қалыптастырудағы бұзылулардың алдын алады», - дейді тәжірибелі педагог-психолог.
Марина Полишукова «Мазасыз балаға қалай көмектесуге болады», «Балабақшада психологтың жұмысын ұйымдастыру», «Эмоциялар мен қозғалыстар» әдістемелік құралдарын әзірлеп, қалалық ғылыми-әдістемелік кеңесте сәтті қорғады. Бұл нұсқаулықтарға авторлық құқық беріліп, мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс істейтін психологтар мен мұғалімдерге, сондай-ақ ата-аналарға ұсынылған болатын.
Марина Полишукова жұмыс барысында ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығының, Президент Іс басқармасының және ҚР Білім министрлігінің алғыс хаттары және грамоталарымен марапатталған, сонымен қатар қалалық «Креативті психолог» байқауында номинацияға ие болды.