



Медициналық орталықтың Ақтөбе қаласындағы күндері аясында «Қарлығаш» балабақшасының өкілдері «№33 «Нұрсәт» балабақшасында Ақтөбе облысының білім басқармасы өкілдері мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтерімен өткен дөңгелек үстел жұмысына қатысты. «Қарлығаш» балабақшасының директоры Бейбітгүл Казакпаева «Желілік балабақша моделі» презентациясында балабақшаның атқаратын қызметі, инновациялық әдістері, балалардың денсаулығын сақтау және нығайту жолында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ, «Қарлығаш» балабақшасы ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкес келетінін, республикадағы жалғыз аккредиттелген мектепке дейінгі ұйым болып табылатынын атап өтті. «Қарлығаш» балабақшасы №3 объектісінің меңгерушісі Асель Садвакасова және ұйымдастырушылық-әдістемелік сүйемелдеу секторының меңгерушісі Света Муралимова қатысушыларға «Балабақшада виртуалды серуендеу» презентациясында балабақшадағы инновациялық әдістер, әр жас кезеңінің ерекшеліктеріне сәйкес балаларды дамыту үшін қолданылатын технологиялар мен методикалар туралы айтты. Дөңгелек үстел барысында «Қарлығаш» балабақшасының стратегиялық даму және инновация секторының меңгерушісі – ресурстық-білім беру орталығының әдіскері Құралай Түсіпова «ECERS-3 шкаласын пайдалану» презентациясында мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру сапасын бағалауда аталған әдістемені қолданудағы тәжірибесімен бөлісті. Бүгінде ECERS-3 шкаласы жиырмадан астам елде қолданылады және балалардың дамуына әлемдік, әмбебап көзқарасты қалыптастыратын, сапаны бағалаудың халықаралық құралы болып саналады. Ақтөбе қаласының мектепке дейінгі ұйымдарымен кездесулер аясында пікір алмасулар болып, «Қарлығаш» балабақшасының пилоттық жобалары туралы да айтылды. Бейбітгүл Қазақпаева «Қарлығаш» балабақшасының заманауи қызметтерді көрсететін республика бойынша мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің көшбасшысы ретінде өз тәжірибесін өңірлердің мектепке дейінгі ұйымдарына таратуға дайын екендігін атап өтілді.