ҚР ПІБ Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасында 16-20 қаңтар аралығында «English week in Qarlygash!» ағылшын тілі апталығы өтті. Балабақшаның мектепалды даярлық топтары қатысқан шараның мақсаты балалардың ағылшын тілін үйренуге қызығушылығын арттыру. Ұйымдастырушылар – ағылшын тілі пәнінің оқытушылары Нұргүл Жұманова мен Әлия Сыздықова. Ағылшын тілі апталығы аясында көптеген қызықты іс-шаралар өтті. Бірінші күн «Welcome to England» тақырында өтіп, балалар Ағылшын елінің шағын тарихын білді. Ағылшын тілінде амандасуды үйреніп, көрнекіліктер, суреттер арқылы жан-жақты танысып, астанасы Лондон қаласына саяхаттады. Екінші күні «Parade of countries» – бүлдіршіндер ағылшын тілінде сөйлейтін елдердің шеруіне қатысты. Яғни әр елдің ұлттық киімдерін киіп, мемлекеттік рәміздері, ұлттық тағамдарын айтып, ұлттық билерін көрсетті. Үшінші күннің тақырыбы «The world of Disneyland» – балалар Диснейлэндтің мультфильмдерін тамашалады, өздеріне ұнайтын кейіпкердің суретін салып, әндерін орындады. Ал «English party» кезінде ойын-сауық, танымдық іс-шаралар өтті. Даярлық топтардан құралған «Green stars» және «Purple stars» командарына скакалкамен секіру және ағылшын тілінде түстерді айту, сандарды дұрыс атау, ұжымдық сурет салу, би билеу тапсырмалары берілді. Апталықтың қорытынды күні «Be healthy, be active» – баланың танымдық көзқарасын дамыту, тілдік ортада шет тілін қолдануға, сөйлеуге, түсінуге дағдыландыруға бағытталды.