

Бану Жасымбекова жоғары санатты тәрбиеші, жалпы еңбек өтілі 28 жыл. Оның ішінде «Қарлығаш» балабақшасында еңбек етіп келе жатқанына 5 жылдан асты.
- Қазіргі өзекті мәселелердің бірі балалардың ана тілінде еркін сөйлей алмауы. Балабақшада баланың тілін дамытуда көптеген жұмыстар атқарылады. Бұл тұрғыда ертегі қойылымдарының маңыздылығын ерекше атап өткім келеді. Жалпы баланы ертегіге қызықтыру мақсатында тобымызда театр бұрышы жұмыс жасайды. Күнделікті бос уақыттарында бүлдіршіндер өздеріне таныс кейіпкерді сөйлетіп, сахналайды. Сахналауға белсенді балалармен қатар ұяңдау балаларды да процеске тартамыз. Алдымен балаларға ертегіні түсіндіріп, мәнерлеп оқимыз. Кейін оны мазмұндаймыз. Ал кейіпкерлерді содан кейін балалар өз дауыстарымен салады,- деп бөлісті педагог-тәрбиеші Бану Жасымбекова.
Балабақшада ертегі қойылымдарын бала тәрбиесінде қолдануда бірқатар әдістемелер қолданылады, олар тілдік ортаға бойлау, Воскобович, мнемокесте, бусоград. Балабақшада балалардың көп бөлігі дыбыстарды анық айта алмайды, сондықтан педагог олармен тіл жаттығуларын жүргізеді.
Бану Жасымбекова бірқатар ғылыми-әдістемелік жұмыстардың авторы. Білікті педагог Астана қаласы әкімінің құрмет грамотасы, «Қарлығаш» балабақшасының құрмет грамотасы, «Аманат» партиясының 20 жылдығына орай алғыс хат, Қазақстан педагогтар қауымдастығы ұйымдастырған «Үздік тәрбиеші-2020» байқауының дипломы, ұрпақ тәрбиесі мен еліміздің білім беру ісіне қосқан үлесі үшін «Үздік тәрбиеші» төсбелгісімен марапатталған.