

ҚР ПІБ Медициналық орталығы «Қарлығаш» балабақшасында тәрбиешінің көмекшісі Қамажай Құсайынова ересек топтарының балаларымен жұмыс жасайды.
Тәрбиешінің көмекшісі – жауапкершілігі мол мамандық, негізгі міндеті балаларды бақылау, күтім жасауды қамтамасыз ету, тамақтандыру, гигиеналық процедураларды ұйымдастыруға көмектесу және т.б. Сондай-ақ бүлдіршіндерді оқыту процесі барысында тәрбиешіге көмектеседі. Қамажай Қайсарбекқызы өте мұқият, мейірімді жан, әрқашан балалармен ортақ тіл таба біледі.
– Әр бала өзінше ерекше, егер махаббатпен, мейріммен қарасаң, ақылыңа көнеді. Ең бастысы баланы жақсы көру керек, – дейді ол.
Балабақшаның №1 объектісі ашылған мерзімнен бастап еңбек етіп келе жатқан кейіпкеріміз әріптестерінің арасында сыйлы, балалардың махаббаты мен ата-аналардың құрметіне бөленген жан. Қамажай Құсайынованың жалпы еңбек өтілі 42 жыл, оның ішінде балабақшада - 13 жыл. Еңбек еткен жылдар аралығында ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының, «Қарлығаш» балабақшасының алғыс хаттары, ҚР ПІБ Медициналық орталығының құрмет грамотасымен марапатталды.