Дүниежүзілік денсаулық күні аясында ҚР ПІБ Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасында «Қарлығаш чемпиондары» спартакиадасы өтті. Шараға балабақшаның барлық нысандарынан мектепалды даярлық топтарының командалары қатысты.
Қатысушылар жарыстың келесі түрлері бойынша сайысқа түсті: 10 метрге жүгіру, орнынан ұзындыққа секіру, нығыздалған допты лақтыру, жеке жүзу – борттан бортқа дейін, бассейн түбіне сүңгіп заттарды алып шығу, «жұлдызша» – қол ұстасып жаттығуларды орындау. Балалар үшін бұл өте маңызды және жауапты сайыс болғандықтан, әр қатысушы өз командаларының намысын қорғау үшін бар күш-жігерін салды.
Алдымен әр кезеңнің нәтижесі бойынша қатысушылар арасында жеңімпаздар марапатталды. Қалған қатысушыларға «Жеңіске деген құлшынысы үшін» номинациясы бойынша грамоталар табысталды. Жалпы командалық есепте 1 орынды №3 объектінің «Қыран» командасы, 2 орынды №2 объектінің «Барыс» командасы, ал №1 объектінің командасы «Тұлпар» 3 орынды иеленді.
Құттықтаймыз!