Гулнара Полуницкаяның жалпы еңбек өтілі – 25 жыл. Сол ширек ғасырдың 13 жылын «Қарлығаш»балабақшасының № 1 объектісінде өткізіп келеді. Күні бойы қызметкерлердің мұнтаздай таза киім киіп, балалардың тап-таза ақжаймаға жатып жүргенінің бәрі осы кісінің арқасы. Ал осы қыруар жұмыстың бәрін кір жуу операторы атқарады.
– Таңертең жұмысқа кіріспес бұрын алдымен барлық жабдықты тексеріп аламыз, содан кейін жанымдағы әріптесім екеуміз кірді қабылдап, сұрыптап, машиналарға саламыз. Арасында балалардың былғанып қалған киімдерін тазалап, жуып, үтіктеп береміз, бұл бізге қиын емес. Әрқайсының сыйымдылығы 15 кг болатын 4 кір жуғыш машинада күн сайын шамамен 100 кг кір жуылады. Оны арнайы кептіргіш машинамен кептіріп, үтіктейміз, – дейді Гүлнара Полуницкая.
Төсек орынды үтіктеу үшін арнайы үтіктеу каландрын қолданады, ал сүлгі, тәрбиешілердің формасы, дастархан, асхана қызметкерлерінің арнайы киімдері, орамалдары мен алжапқыштары міндетті түрде қолмен үтіктеледі. Бұл процесс шамамен 3 сағатты алады, содан кейін барлық үтіктілген заттарды таза бөлмеге тапсырып, сөрелерге сұрыптап жинайды.
– Ең қиыны – қолмен үтіктеу. Себебі ол көп күш пен уақытты қажет ететін процесс. Біздің жұмысымыз тұрмыстық химиямен байланысты болғандықтан, зиянды еңбек жағдайы үшін сүт беріледі. Ауыр кептіру жабдықтары іске қосылып тұрған кезде құлағымызға арнайы тығын қолданамыз. Біздің балабақшада қауіпсіз еңбек үшін қажет жағдайдың барлығы жасалған, – дейді Гүлнара Полуницкая. – Балабақшада тазалық – ең маңызды талап, сондықтан балалардың жайлы, таза ортада тәрбиеленуіне өз үлесімді қосып жүргенімді мақтан тұтамын. Мамандық таңдауда еш қателеспедім деп ойлаймын. 25 жыл бұрын алғаш рет байқап көргенімде бұл жұмысты да біреу атқару қажет қой деп ойладым.
Кейіпкеріміз балабақшаның қоғамдық өміріне де белсене араласады. Гүлнара апайды мерекелік ертеңгіліктерде Аяз атаның, су патшасы Нептуннің тағы басқаларының рөлдерін сомдауға жиі шақырады. Өз ісінің шебері, 4 немеренің сүйікті әжесі Гүлнара Полуницкая өмірден өз орнымды тапқанына сенімді.