Нұр-Сұлтан қаласында «Заманауи талаптар контекстінде мектепке дейінгі білім беруді дамыту» атты семинар өтті.
Бұл жиынды Қазақстан Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасы ұйымдастырды. Семинарға еліміздегі мектепке дейінгі ұйымдардың 100-ден астам оқытушысы мен тәрбиешіcі қатысты. Онда Қазақстанның мектепке дейінгі білім беру саласындағы жетекші мамандары, сарапшылары мен ғалымдары тәжірибе алмасып, балаларды оқытудың инновациялық әдістерін талқылады. Сонымен бірге, семинарға Білім және ғылым министрлігінің, елордалық Білім беруді жаңғырту орталығының, «Бөбек» қоры, республиканың жетекші университеттері мен мектепке дейінгі ұйымдарының өкілдері қатысты.
– 10 жыл бойы біздің педагогтер халықаралық тәжірибені зерделеп, оны жергілікті жағдайға қарай бейімдеді. Қазір жинаған білім мен тәжірибемізді республиканың балабақшаларымен бөлісуге дайынбыз, – деп семинар жұмысын Қазақстан Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы жетекшісі Алексей Цой ашты.
Қатысушылар балаларды оқытудың озық әдістерімен, соның ішінде қазақ тілін үйретудегі «тілдік ортаға бойлау әдісі» және балалардың шығармашылық, сыни ойлау, коммуникативтік және командалық жұмыс дағдыларын дамытуға бағытталған «сингапурлық технологияларымен» танысты. Олар робототехника және математика дағдыларын дамытуға арналған «STEAM технологиясының» маңызын атады.
«Астана» халықаралық ғылыми кешенінің басқарушы директоры Серік Ирсалиев адамның қалыптасуындағы мектепке дейінгі білім берудің шешуші рөліне тоқталып, оған тиісті назар аудару қажеттігін баса айтты. «Қазақстанда білім берудің әрбір деңгейінің өркендеуі үшін жағдай жасалған. Орта білім беру деңгейінде – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Дарын» орталығы, кәсіптік білім беруде – «Кәсіпқор» холдингі, жоғары білім беру деңгейінде – Назарбаев университеті және «Болашақ» бағдарламасы жұмыс істеуде. Ал мектепке дейінгі білім беруде «Қарлығаш» балабақшасы осы миссияны толықтай атқарып, осы саладағы ең озық даму орталығына айналуы тиіс», – деді ол.
Семинар «Қарлығаш» балабақшасының бірегей тәжірибесін еліміздің мектепке дейінгі ұйымдарына тарату, оқытушылардың біліктігін, мектепке дейінгі тәрбие және білім беру сапасын арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Оған қоса, Білім және ғылым министрлігі өкілдері «Қарлығаш» балабақшасының медициналық қолдау және балалардың балабақшалардағы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нормативтік құжаттарын басқа мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне тарату мақсатында қызығушылық танытты. Соның аясында Қазақстан Президенті Іс басқармасыМедициналық орталығы мен «Өрлеу», «Астана» халықаралық ғылыми кешені және Нұрсұлтан қаласы гуманитарлық колледжі арасында өзара әріптестік бойынша меморандумдарға қол қойылды.