Басты бетҰрпақ тәрбиесіндегі балабақшаның рөлі

Ұрпақ тәрбиесіндегі балабақшаның рөлі

Ұрпақ тәрбиесіндегі балабақшаның рөлі

      «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі», деген ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби. Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, ұлттың болашағымен тығыз байланыстырған. Отбасындағы тәрбие мәселесіне айрықша көңіл бөлген.
    
        Тәрбие – тал бесіктен екенін ескерсек, бала тәрбиесінде оның қоғам мүшесі ретінде енді ғана қалыптасып келе жатқан шағында, яғни балабақша қабырғасында тәрбиешілердің, балабақша педагогтерінің де атқаратын рөлі ерекше. Бұл тұрғыда  ҚР ПІБ Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасында заманауи, тиімді әдіс-тәсілдер қолданылады, бала тәрбиесінде ұжымның ізденімпаздығы мен шығармашылығы да басты фактор болып табылады.

        – Шындығын айтқанда, қазіргі қым-қуыт тірлікте көп ата-ананың бала тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлуіне уақыт тапшы болып жатады. Сондықтан балабақшада біз баланың білім алып, ортаны танып, дұрыс таным қалыптастырып жетілуіне үлкен мән береміз. Бала – біздің болашағымыз. Болашақ ұрпақ тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараған жөн. Әсіресе, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруіміз қажет. Отбасындағы тәрбие мен балабақшадағы тәрбиені ұштастыра отырып, әрі қарай дұрыс дамып-жетілуіне себепкер болу балабақша ұжымының да келешек ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі.

         Балабақшада баланы еңбексүйгіштікке баулу, адамгершілік, эстетикалық қасиеттерін дамытуға назар аударылады. Мысалы, кішкентай топтарда балалар тәрбиеші көмегімен киініп, жуынып, бір-біріне көмектеседі, тәрбиешілер оларды «рахмет, кешір, өтінемін» сөздерін айтуға баулиды. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру – ата-ана мен ұстаздардың басты міндеті. Сонымен қатар баланың бойына ізденімпаздық, мейірімділік, қамқорлық, топтағы өзге де балалармен жылы қарым-қатынас орнату, тапсырмаларды жауапты орындау арқылы өз-өзіне деген сенімділік негізі қаланады, - дейді ҚР ПІБ МО «Қарлығаш» балабақшасы» РМК директоры Бейбітгүл Қазақпаева.

         Бала – тұлға, оның да жеке ойын, тілегін, пікірін сыйлау маңызды.  «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген, сондықтан жақсы сөздер айтып, оның ойымен де бөлісіп, ой-санасын дамыту керек деп есептейді балабақшадағы тәрбиешілер ұжымы.

         Балабақшаның білімді, ізденімпаз педагогтері балалардың шығармашылық қабілеттерін белсенді дамытуда, танымдық қызығушылықтарын қанағаттандыруда және жалпы білім беретін мектептің бастауыш сыныбында оқуға қажетті дағдыларын қалыптастыруда үлкен үлес қосып келеді.

        Сондай-ақ балабақшалардың техникалық базасының заманауи талаптарға сай жабдықталғандығы балалардың қозғалыс пен физикалық дағдыларды қалыптастыруға және дамытуға ықпал етеді. Атап өтсек, футбол, спорт алаңдары, «денсаулық жолы», жол жүру ережелерін үйрететін учаскелер, шағын бақша, «Көңілді паровоз» аттракционының ойын алаңдары, велосипед жүретін жолы бар алаң, серуендейтін бақ бар. Бұлардың барлығы таза ауада балалардың көңілді, пайдалы және қауіпсіз іс-әрекетіне арналған.

        Балабақшалардағы интерактивті коммуникативтік технологиялар - «сөйлейтін» қабырғалар, Реджио шеберханалары, интерактивті еден, белсенділік орталықтары, робототехника зертханалары, аква және гидропоникалық қондырғылар, Кванториумдар және т.б. балалардың бойындағы түрлі қабілеттерді шыңдап, толықтай дамытуға ықпал етеді. Қалыптасқан білім, икемділіктер мен дағдылар балабақша  тәрбиеленушілеріне әртүрлі деңгейдегі конкурстар мен жарыстарға нәтижелі қатысуға мүмкіндік береді. Бұндай шараларда ата-аналардың көрсетіп жатқан қолдауын ерекше атап кеткен жөн.

        Сонымен бірге баланы тәрбиелеуде ата-анамен өзара әрекеттесу «Мейірбан ата-аналар клубы», спорттық, шығармашылық, қайырымдылық және т.б. іс-шаралар арқылы жүзеге асырылады.

        Осылайша, ата-анамен бірлесе отырып,  балаларды тәрбиеге баулуда тығыз байланыста жұмыстар атқарылады.