ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасының өкілдері Шымкент қаласының мектепке дейінгі ұйымдарымен тәжірибе алмасуда. 22-23 ақпан аралығында «Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының күндері» форматындағы іс-шаралар шеңберінде «Қарлығаш» балабақшасының өкілдері делегация құрамында Шымкент қаласының мектепке дейінгі ұйымдарының жұмысымен танысуда.22 ақпан балабақша директоры Бейбітгүл Қазақпаева бастаған топ Шымкент қаласы білім басқармасының мемлекеттік арнаулы тірек-қозғалыс функциялары ауыр және жеңіл бұзылған балаларға арналған №17 «Достық» коррекциялық балабақшасында болып, кинетикалық құм, құрғақ душ, логопед кабинеті, ЛФК, емдік сауықтыру массажы, дефектолог кабинетін аралады. Келесі объект мемлекеттік арнаулы психикалық дамуы шектеулі балаларға арналған №37 «Айгерім» коррекциялық балабақшасында делегация өкілдеріне Монтессори элементтері, фиброоптикалық талшықтар, құм-терапиясы, кинетикалық құм, құрғақ душ, «Көңіл күй» интерактивті колоннасының жұмысын көрсетті. Сапар аясында делегация өкілдері Шымкент қаласындағы «Bambini-Монтессори» бөбекжай балабақшасындағы Монтессори сыныптары, бассейн, арт- терапия, логопед, ЛФК, емдік массаж кабинеттерінің жұмысымен танысты. «Қарлығаш» балабақшасының директоры Бейбітгүл Қазақпаева өңірлердегі мектепке дейінгі ұйымдармен танысудың келешекте ынтымақтастықты орнату және тәжірибе алмасу контекстіндегі маңыздылығын атап өтті. 23 ақпанда балабақша өкілдері Шымкент қаласының мектепке дейінгі ұйымдарының педагогтерімен өтетін дөңгелек үстел барысында презентацияларын ұсынып, шеберлік сағатын ұйымдастырады, инновациялық әдіс-тәсілдер мен тәрбиені ұйымдастыруда қолданылатын тиімді тәжірибелермен бөліседі. Шымкент қаласының мектепке дейінгі ұйымдарымен өткен кездесулер барысында ҚР ПІБ Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасының директоры Бейбітгүл Қазақпаева балабақшаның заманауи қызметтерді көрсететін республика бойынша мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің көшбасшысы ретінде өз тәжірибесін өңірлердің мектепке дейінгі ұйымдарына таратуға дайын екендігін атап өтті. Ағымдағы жылы осы форматтағы іс-шаралар тізбегін Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының күндері шеңберінде Қазақстанның өзге де өңірлерінде өткізу жоспарланған.
Ақпарат көзі: https://www.elana.kz