Шығыс Қазақстан облысына сапардың екінші күні «Қарлығаш» балабақшасының өкілдері №15 «Рахат» балабақша-бөбекжайында болып, «Бестемше» кабинеті, Монтессори орталығы, педагогтер шығармашылығының көрмесін аралап, дөңгелек үстелге қатысты.
Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Шығыс» өңірлік орталығының өкілдері, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтерінің қатысуымен өткен шарада саладағы инновациялық әдістер, пилоттық жобалар мен әдістемелер талқыланды.
«Қарлығаш» балабақшасының №2 объектісінің меңгерушісі Раушан Қожахметова білім беру сапасын бағалау үшін ECERS-3 шкаласын мектепке дейінгі мекемеде пайдалану және осы әдістемені қолданудағы тәжірибемен бөлісті. №3 объект әдіскері Жұлдыз Сәрсебаева балалар кванториумы кеңістігінің жұмысы жайлы презентация жасап, шеберлік сыныбын өткізді. Дөңгелек үстел соңында қатысушылар шараның кәсіби тәжірибе алмасудағы қажеттілігін атап өтіп, ой-пікірлерімен бөлісті.
Өскемен қаласының мектепке дейінгі ұйымдарымен кездесулер аясында «Қарлығаш» балабақшасында қолданылып жүрген әдістемелер, инновациялар туралы да ақпараттар ұсынылды.
Сондай-ақ, балабақшаның елімізде заманауи қызметтерді көрсететін мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің көшбасшысы ретінде өз тәжірибесін өңірлердегі мектепке дейінгі ұйымдарға таратуға дайын екендігі атап өтілді.
«Қарлығаш» балабақшасы үшін өңірлердегі мектепке дейінгі ұйымдармен танысудың келешекте тиімді ынтымақтастықты орнату мен тәжірибе алмасудағы маңызы зор. Ағымдағы жылы осы форматтағы іс-шаралар тізбегін ҚР Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының күндері шеңберінде еліміздің өзге де өңірлерінде өткізу жоспарланған.