Жыл басынан бері Президент Іс басқармасы Медициналық орталығына қарасты «Қарлығаш» балабақшасы өңірлерге шығып, әріптестерімен тәжірибе алмасып жүр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Атап айтқанда, Ақтөбе, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласындағы мектепке дейінгі ұйымдармен кездесулер өтіп, иновациялық балабақша өзінің заманауи әдістері мен технологияларымен таныстырып, озық педагогикалық тәжірибесімен бөлісті.
Атырау қаласындағы кезекті жұмыс сапары аясында «Қарлығаш» балабақшасының басшысы Бейбітгүл Қазақпаева бастаған педагогтер тобы жергілікті 7 балабақшада болып, кездесулер өткізді. Сондай-ақ Атырау қалалық білім бөлімінің мамандары және педагогтердің басын қосқан дөңгелек үстелге қатысты. Отырыста Атырау қалалық білім бөлімінің мектепке дейінгі тәрбие бөлімінің әдіскері Жұмағаным Қарабалиева мұндай шаралардың өңірдегі мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтеріне тәжірибе алмасу, біліктілігін арттыру тұрғысындағы маңыздылығын атап өтті.
«Қарлығаш» балабақшасының директоры Бейбітгүл Қазақпаева атыраулық әріптестерін балабақшаның жетістіктерімен таныстырып, оқытудың инновациялық әдістеріне жан-жақты тоқталды. Мектепке дейінгі ұйымның мамандары Асель Садвакасова «Балалар кванториумы» әдісі туралы ақпарат беріп, шеберлік сыныбын өткізсе, әдіскер Нұржан Набатова білім беру сапасын бағалауда көмектесетін «ECERS-3» шкаласын пайдалану бойынша семинар-тренинг өткізді. Дөңгелек үстел барысында Атырау қаласындағы балабақшалардың педагогтері өз ой-пікірлерін ортаға салып, сұрақтарын қойды.
Жалпы кездесу аясында «Қарлығаш» балабақшасы республика бойынша мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің көшбасшысы ретінде өз тәжірибесін өңірлердің мектепке дейінгі ұйымдарына таратуға әрдайым дайын екендігі аталып өтті. Биыл балабақша осы форматтағы іс-шаралар тізбегін еліміздің өзге де өңірлерінде өткізуді жоспарлап отыр.
Ақпарат көзі: https://egemen.kz/article/342866-mektepke-deyingi-uyymdardynh-pedagogtary-ozara-tadgiribe-almasty?fbclid=IwAR1EdheRdW31cNodDOssWOI7LiwDe8tTKOaYwZvN5U20ioNJXs33VfGKe0g