Педагог жетістігі айдарының кейіпкері – «Қарлығаш» балабақшасының №2 объектісінің тәрбиешісі Жанат Матиева. Педагогтің жалпы еңбек өтілі 15 жылды құрайды.
– Жұмыс барысында түрлі әдістерді мен технологияларды жиі қолданамын. Соның ішінде «Тілге бойлау әдісі», «Воскобович ойындары», «Мнемотехника» интерактивті технологиялары, Сингапур технологиясы және т.б. Бұған қоса ECERS-3 шкалалары бойынша балалардың білімін тереңдету қолға алынды. Халықаралық бағалау шкаласы баланың өзін-өзі тануына және жас ерекшелігі мен жеке мүмкіндіктері, қызығушылықтарына сүйеніп, білім беру ортасын бағалауға бағытталған, - дейді педагог.
Жанат Матиева әрбір үйренген әдісін сол күйінде алмай, оны түрлендіріп, әрі балалардың ыңғайына икемдеп қолданады. Мәселен, Мәскеудегі біліктілікті арттыру курсында үйренген «Жыл мезгілдері, ай, күн аттарын» жаттатуға арналған күнтізбеге «Мен жұлдызбын» деген атау беріп, оған ауа райын үш жақта айтуды, бір айда неше апта барын айтуды қосып түрлендірген. Осы бір әдісті бейімдеп қолдануының арқасында балалар апта күндерінен шатаспауды, сондай-ақ әр мезгілдегі ай аттарын жатқа айтуды үйренді. Бұл білім мектепте пайдалы болады.
– Негізгі мамандығым бастауыш сынып мұғалімі болғандықтан балаларды мектепке дайындау жұмыстарына көп көңіл бөлемін. Жыл сайын маған мектепке даярлық топты сенім артып тапсыратыны осыдан болар, - дейді тәрбиеші.
Шығармашыл педагог Жанат Матиева үнемі ізденіс үстінде жүреді. Балалардың қол моторикасын дамыту мақсатында бос уақытында балаларды мата түрлерімен таныстырып, бірлесіп одан түрлі бұйымдар жасайды. Негізгі жұмысынан басқа кейде балабақшадағы ертеңгіліктер мен мерекелерге балалардың киімдерін тігіп береді.