ҚР ПІБ Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасына Корея Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің бірінші хатшысы YANG Sebyuk мырза келді. Кездесуге ҚР ПІБ Медициналық орталығы мен «Қарлығаш» балабақшасының өкілдері қатысты.
Кездесу ҚР ПІБ Медициналық орталығы басшылығының және «Қарлығаш» балабақшасының бастамасымен мектепке дейінгі білім беру саласын жетілдіру мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты жолға қою мақсатында ұйымдастырылды.
Экскурсия барысында YANG Sebyuk интерактивті коммуникативтік технологиялар қолданылатын пәндік-кеңістіктік даму ортасымен, балалар белсенділігі орталықтарымен танысты. Сондай-ақ, балалардың денсаулығын сақтау және нығайту жолында жасалған жағдайлар Корея Республикасы Елшілігі өкілінің ерекше қызығушылығын тудырды.
«Қарлығаш» балабақшасының директоры Бейбітгүл Казақпаева мекеменің қызметі, педагогтардың жетістіктері, қолданылатын инновациялар мен технологиялар, цифрландыру, халықаралық ынтымақтастық және т. б. туралы ақпарат беріп өтті.
Кездесу танысу сипатында өтті. YANG Sebyuk мырза балаларды ерте жастан дамыту мәселелерінде екі ел арасында өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қоюға күш салатынын жеткізді.