Кез келген жастағы бала балабақшаға бейімделу кезеңінен өтеді. Жаңа әрі бейтаныс орта, жекелеген ережелер – бала үшін таңсық жағдай. Сондықтан баланың ұжымға деген сенімін қалыптастырып, жаңа ортаға тарту үшін балабақша педагогтары мен ата-аналардың бірлескен үйлесімді әрекетінің маңызы зор.
Балабақшаға бейімделу орта есеппен 1-2 айға созылады, кей жағдайда бұл кезең алты айға немесе одан да көп уақытқа созылуы мүмкін. Бұл баланың мінезіне, темпераментіне және денсаулық жағдайына байланысты.
Бейімделу кезеңінің мейлінше жеңіл өтуіне көмектесетін ұсыныстар:
• демалыс күндері балабақша режимін ұстаныңыз;
• баламен ұзақ қоштаспаңыз – бұл баланың алаңдауын туғызады. Сондықтан өзіңізді сенімді және сабырлы ұстаңыз;
• жақсы көретін ойыншығын алып келіңіз;
• мультфильм, телебағдарлама көруді азайтыңыз;
• баламен қоштасып тұрып, оған міндетті түрде оралатыңызды айтыңыз;
• кездесу және қоштасу рәсімін ойлап табуға болады (құшақтау, қол бұлғау, беттен сүю, т.б. );
• үйде балаңызбен «балабақша» ойнап көріңіз. Ойыншықтардың біреуі баланың рөлінде болып, не істегенін, не айтқанын қадағалаңыз. Баламен бірге оның достарын табуға көмектесіңіз және оның мәселелерін бірге шешіңіз;
• балаға көбірек уақыт бөліңіз, бірге серуендеп, бірге кітап оқыңыздар. Жиі құшақтап, бауырыңызға басыңыз, еркелетіңіз. Жақсы көретініңізді үнемі айтып отырыңыз.