Сілтеме: https://astana-akshamy.kz/analar-ertegi-okityn-balabaksha/
Мектепке дейінгі кезеңдегі тәрбие – адам қалыптасуының алғашқы баспалдағы. Бұл баланың әсерленгіш, еліктегіш, ойлауды, сөйлеуді меңгеруімен алғаш рет бөтен ортаға бейімделуімен сипатталатын кезең. Мектеп жасына дейінгі тәрбиенің негізі бес жасқа дейін қаланады. Баланың ана тілінде таза еркін сөйлеуін мектепке дейінгі кезеңде меңгертуге тиіспіз. Бүгінгі күн талабы – баланың ақыл-ойын дамыту, ойлау қабілетін жетілдіру, өзіндік іскерлік қасиеттерін қалыптастыру, заман талабына сай ойы жүйрік етіп тәрбиелеу. Біз осы ретте Президенттік Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасының директоры Бейбітгүл Қазақпаевамен сұхбат құрған едік.
Бейбітгүл Зейнәділқызы, барлық тәрбие мен білімнің баспалдағы балабақшадан басталады. Мектепке дейінгі білім көп баланың мүмкіндігін ашады. Осыған орай «Қарлығаш» балабақшасындағы жаңа методикалар, инновациялық әдістер туралы айтсаңыз, қандай озық педагогикалық тәжірибе-әдістері бар?
– «Қарлығаш» балабақшасы еліміздің мектепке дейінгі білім беру саласындағы инновациялық балабақшалардың қатарында. Білікті педагогтеріміз озық педагогикалық тәжірибені зерделеу, жалпыға тарату мақсатында бірқатар әдістемелік құралдарды әзірлеп, қолданысқа енгізіп жүр. Балабақша ашылған уақыттан бері озық педагогикалық тәжірибені зерделеу, жалпыға тарату мақсатында 60-тан астам әдістемелік құрал әзірленіп, тәжірибеде сәтті қолданылып келеді. Біздің педагогтер өз тәжірибесімен өзге мектепке дейінгі ұйымдармен бөлісуге әрдайым дайын.
Жоғары білікті педагогтер балалармен жұмыста алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибелерді қолданады. Мәселен тілге ену әдісі, Воскобовичтің дамыту ойындары, М.Монтессори әдістемесінің элементтері, этно және Реджио педагогикасы, Сингапур технологиялары, робототехника негіздері сияқты түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы баланың мүмкіндіктерін ашады.
– Мектепке дейінгі тәрбие және оқытудың жаңа стандарты, үлгілік бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Қандай жұмыстар атқарылды? Мамандар тапшылығы бар ма?
– Иә, былтыр мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа мемлекеттік стандарты мен үлгілік бағдарламалар қабылданды. Мұнда баланың барлық аспекті бойынша толыққанды дамуына ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, интеллектуалды, құндылық, әлеуметтік-эмоционалды және физикалық даму т.б. Еркін күн тәртібін әзірлеу тәрбиешілерге әртүрлі оқыту тәсілдерін қолдануға, қатаң кестеге байланбай, күні бойы балалар үшін ойын және оқу жаттығуларын ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Оған баланың сөйлеуін дамыту, кітап оқу, шығармашылық және зерттеу жұмыстарымен айналысу бойынша күнделікті жұмыс кіреді. Жаңа стандарт бойынша балабақшада балалардың бойына құндылықтарды сіңіру, яғни ұлттық, отбасылық құндылықтармен қатар патриоттық сезімді дарыту мәселелеріне көңіл бөлінген, біздің балабақшада бұл жұмыстар үнемі жүргізіліп келе жатқанын атап өткен жөн.
Біз педагогтерді трансформациялау жұмыстарын да қатар жүргізіп келеміз. Мәселен, өткен жылға дейін педагог түске дейін кесте бойынша баланы оқытса, жаңа модель бойынша оқу іс-әрекеті күні бойы жалғасады. Ол үшін балабақшаларда түрлі дамытушы аймақтар ұйымдастырылған. Балабақшада маман жеткілікті. Әрине, балабақша педагогтарына қойылар талап жоғары. Ең алдымен маманның біліміне, тәжірибесіне, педагогикалық ситуацияларды шешуіне, баламен ортақ тіл табуына назар аударылады. Әр қызметкер конкурстық іріктеу жөніндегі комиссияның шешімімен жұмысқа қабылданады.
– Тәрбиешілер – ең алдымен, балаларға өмірге ең қажетті дағдыларды үйрететін, сауатын ашып, жасына сәйкес білім беретін, мектепке дайындайтын тұлғалар. Тәрбиешілерді қолдау мақсатында қандай жұмыстар атқарылды?
– Тәрбиешілердің білімін жетілдіру мақсатында түрлі курстарға және семинарларға қатыстырамыз. Әдіскерлер олармен бірлесе жұмыс атқарып, бағыттап, іс-әрекеттерді бірлесе ұйымдастырады. Тәрбиешілер мен педагогтердің бір-бірінің сабағына кіріп, тәжірибе алмасуына да жағдай жасалынған. Жыл сайын «Үздік педагог» байқауын ұйымдастырып отыруды дәстүрге айналдырдық. Бұған қоса педагогтеріміз қалалық, республикалық шараларға үнемі қатысып, тәжірибелерімен бөлісіп жүр.
– Балаларды интеллектуалдық бағытта, өнерге қызықтыру мақсатында қандай топтар жұмыс істейді? Балабақшаның мектепке дайындық тобының жұмыстарына тоқталсаңыз.
– «Қарлығаш» балабақшасының барлық тобында балалардың болмысын, қабілетін ерте жастан дамытуға үлкен көңіл бөлінеді. Мәселен, заттық-кеңістік дамытушы ортаны құруда әр жастағы балалардың жеке ерекшеліктері мен қабілеттері, қызығушылығы ескеріледі.
Балабақшаның барлық объектісінде интерактивті коммуникативтік технологиялар – «сөйлейтін» қабырғалар, Реджио шеберханалары, интерактивті еден, белсенділік орталықтары, робототехника зертханалары, аква және гидропоникалық қондырғылар, кванториумдар және т.б. балалардың бойындағы түрлі қабілеттерді шыңдап, дамытуға ықпал етеді. Біздің тәрбиеленушілер республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, спорт, өнер, білім тұрғысынан жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Ата-анамен байланысты нығайту жұмыстарына үлкен мән беріледі. Осы мақсатта «Мейірбан ата-аналар клубы» жұмыс істейді. Ата-аналар бірлескен спорттық, шығармашылық, қайырымдылық және т.б. іс-шараларға үнемі қатысып тұрады.
– Балабақшадағы балалардың қанша пайызы қазақ тілінде тәрбиеленеді? Ана тілімізді, өнерді, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда қандай жұмыстар жүргізіледі?
– «Қарлығаш» балабақшасының 3 объектісінде де тек қазақша топтар бар. Біз бүлдіршіндердің бойында отбасын қадірлеу, ата-ананы сыйлау, құрметтеу, Отанды сүю тәрізді рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға күш саламыз. Осы мақсатта «Қазақ ауылы» этнобұрышы ашылған болатын. Бала осындағы ұлттық киім үлгілері, музыкалық аспаптар, ыдыс-аяқтар, ұлттық тағамдардың макеттері және т.б. көріп-танып, халқымыздың мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігіне деген танымдық көзқарасын қалыптастырады.
Ата-ананы білім беру процесіне тарту, отбасында кітап оқу дәстүрін ынталандыру мақсатында «Анамның ертегісі» жобасын қолға алдық. Мектеп жасына дейінгі балалар үшін ертегінің тәрбиелік мәні зор. Ертегі арқылы олар әлем, қоршаған ортаны таниды, сөздік қорын кеңейтеді, логикалық ойлауды және сөйлеуді дамытады. Осылайша аналар баласы тәрбиеленетін топқа келіп педагогпен бірге алдын-ала таңдалған ертегіні оқып отырды. Біз бұл жоба арқылы нені мақсат еттік? Күнделікті күйбең тірлікте уақыт тауып, балаға ертегі оқудың маңызы зор екендігін ата-аналарға жеткізгіміз келді. Себебі, бірге кітап оқу ата-ана мен баланың арасын жақындастырып қана қоймай, рухани қарым-қатынастың сирек және қуанышты сәттерін толтырады.
Балабақшамызда ұлттық мейрамдарымызды кеңінен атап өту игі дәстүрге айналды. Қыз қуу, айтыс, асық ату, үлкендердің бата беруі тәрізді керемет көріністермен астасқан бұл шаралардың да тәрбиелік мәні өте зор.