Басты бетБАЛАБАҚША ЖАСЫНДАҒЫ ӘР ЕКІНШІ БАЛАНЫҢ ТІЛІ ЖЕТІЛМЕГЕН - ЛОГОПЕД

БАЛАБАҚША ЖАСЫНДАҒЫ ӘР ЕКІНШІ БАЛАНЫҢ ТІЛІ ЖЕТІЛМЕГЕН - ЛОГОПЕД

БАЛАБАҚША ЖАСЫНДАҒЫ ӘР ЕКІНШІ БАЛАНЫҢ ТІЛІ ЖЕТІЛМЕГЕН - ЛОГОПЕД БАЛАБАҚША ЖАСЫНДАҒЫ ӘР ЕКІНШІ БАЛАНЫҢ ТІЛІ ЖЕТІЛМЕГЕН - ЛОГОПЕД

https://kaz.inform.kz/news/balabaksha-zhasindagi-ar-eknsh-balanin-tl-zhetlmegen-logoped-3cfcb7/

14 қараша - халықаралық логопед күні. Осыған орай, ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасы» РМК логопеді Роза Байталиеваны әңгімеге тарттық. Бұл орталық мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мен оқытудың заманауи қызметтерін көрсететін еліміздегі жетекші білім ұйымдарының бірі.

Логопедтің көмегі қандай балаларға керек, әңгімені осыдан бастасақ ?

Ең біріншіден сөйлеу тілі тежелген, сонымен бірге жалпы сөйлеу тілі дамымаған, ал ол бірнеше деңгейден тұрады, сондай балаларға көмегіміз керек.

Сіз еңбек ететін «Қарлығаш» балабақшасында сөйлеу дефектісін толық жоясыздар ма ?

Бұл баланың жас ерекшеліктеріне, сонымен қатар, сөйлеу тілінің даму деңгейіне және баланың толық біздің балабақшаға келуіне байланысты. Егер бала үш жасынан бастап мектепке дейін біздің балабақшаға келген болса, осы аралықта біз баланың тілін толықтай түзеп, дамытып бере аламыз. Егер бала мектеп алды дайындық топтарына келетін болса, мысалы жарты жылға немесе кей балабақшадан үш айға ауысып келіп жатады, сол кезде, аз уақыт болса да, біз балалардың кей дыбыстарын түзетіп бере аламыз. Тілін толық түзетіп беру үшін бұл уақыт аз. Мұндай жағдайда біз баланы мектептегі логопедке апаруға кеңес береміз.

Қандай әдіс-тәсілдерді қолданасыздар ?

Алдымызға келген баланың тілін дамыту үшін бар тиімді әдіс-тәсілді қолданамыз. Біздің басты қаруымыз – артикуляциялық жаттығулар. Тыныс алу, саусақ жаттығулары. Сонымен қатар логопедтік массажды қолданамыз. Сонымен қатар әртүрлі методикаларды қолданамыз. Біздің балабақшамызда жаңа 37 методика бар. Біздің логопед кабинетінде «Дельфа» компьютерлік құрылғысы бар. «Тілашар» бағдарламасымен жұмыс істейміз. Ол да балаларға дыбысты дұрыс айтқызуға, дыбысты дұрыс бекітуге көп көмегін тигізеді.

Жалпы, топтағы балалардың қаншасында осындай кемістік бар ?

Мен 2015 жылдан бері осы «Қарлығаш» балабақшасында еңбек етіп келемін. Соңғы үш жылға тоқталатын болсам, балалар арасында сөйлеу тілінің дамымауы, сөйлеу тілінің тежелуі жылдан жылға артып келе жатыр. Қазір қай балабақша болмасын, топтағы әр екінші баланың тілі жетілмеген, дыбыстарды дұрыс айта алмайды. Бүгінгі балаларды осыдан 5-10 жылғы балалармен салыстыруға болмайды. Бұрын екі жасқа дейін бала 100 сөзге дейін білуі норма болатын, қазіргі уақытта екі сөзді құрап айтса – жақсы көрсеткіш.

Ата-аналар қай кезде, қай жастан логопедтің көмегіне жүгінгені жөн?

Қалыпты жағдайда екі айда нәресте гуілдей бастайды, ал бір жаста бала шағын сөздерді айта бастауы қажет, ол апа, әке, ал, кел деген сияқты қысқа сөздер. Сондай-ақ баланың түсінігіне де қараймыз. Ол 1,5-2 жасында айтқанды түсініп, нұсқаулықты орындаса, сұраған затыңды әкеліп, көрсетіп тұрса, яғни баланың түсінігі бар. Ал жалпы екі жасқа келгесін сәбиді логопедке көрсетіп алуға кеңес берер едім. Маман баланың қаншалықты дұрыс дамып жатқанын, тілін дамыту үшін не істеу қажеттігі туралы ақыл-кеңес береді, өйткені тілдің дамуы моторикамен тікелей байланысты.

Қай жасқа дейін баланың тілін түзетуге болады ?

Жалпы түзету жасты талғамайды, дегенмен, ерте басталған әрекет жақсы және тез нәтиже береді. Сондықтан мамандарға ерте көрсетіп, ата-аналар логопедтің кеңесін алғаны жөн. Тілдің кемістігін 100% түзеуге болады, бірақ ата-ананың да көмегі қажет. Өйткені үйде де арнайы жаттығуларды қайталау керек.

Кей дыбыстарды айтпау немесе бұрмалап айту баланың білім алуына кері әсер етуі мүмкін бе?

Ия, мектепке барған кезде бала дыбыстарды бұрмалап айтуы мүмкін. Ол оның оқуына, жазуына кедергі келтіреді. Мысалы бала «р» дыбысын «л» деп айтатын болса, солай жазуы да мүмкін. Егер мектепке дейін баланы сол дыбыстарды айтуға үйретпесе, кейін ол дисграфия, дислексияға ұласуы мүмкін. Сондықтан да мектеп бағдарламасы қиындамай тұрып, 7-8 жасқа дейін тілдегі кемшіліктерді түзеткен жөн.

Баланың тіл астындағы тілшігін кесу арқылы мәселені шешуге болады дегенді жиі естиміз. Бұл қаншалықты дұрыс?

Бұл жерде тілшіктің қаншалықты қысқа екенін көруіміз керек. Оны кесетін тұстары да, кеспейтін тұстары да бар. Мәселен бала тілін көтере алмаса, ол астына жабысқан жағдайда біз баланы стоматологтың кеңесіне жібереміз. Ал тіласты тілшігі қысқа болғанымен тілін көтере алған жағдайда логопедиялық массаждар жүргізу арқылы біз баланың тілшігін қалыпты жағдайға келтіреміз.

Бала тілінің кеш және дұрыс шықпауына не себеп ?

Оны «дөп» айту қиын, өйткені себептері көп. Ол баланың жатырда қалыптасқанынан бастап, өмірге келуіне, денсаулығына, оның сыртқы ортасына байланысты болуы мүмкін. Яғни әсер ететін фактор көп. Мектепке дейінгі жастағы балалардың шектен тыс компьютерде, телефонда отыруы ол да әсер етіп жатыр. Сонымен қатар диагностика барысында бір байқағаным, қазақ тілінде тәрбие алып, үйінде ата-әжесі бар балаларда сөйлеу тілі таза болып келеді. Ал үйінде екі тілді қолданатындарда бала тілінің даму деңгейі төмен болып жатады.

«Қарлығаш» балабақшасында қандай балалармен жұмыс істейсіз ?

Сөйлеу тілінің дамымауының төрт деңгейімен, сонымен қатар сөйлеу тілі жетілмеген балалармен жұмыс істейміз. Бұдан басқа дыбысты айта алмайтын, яғни дислалия, ауыз қуысының тонусы төмен – дизартрия бар балалар бар.

Сіздің тәжірибеңізде қызықты және қиын жағдайлар болды ма ?

Осындай бүлдіршіндермен жұмыс істеген қызықты, әсіресе, олардың былдырлаған тәтті тілін естіп, өз жұмысымнан рахаттанамын. Ал қиын жағдай өз тәжірибемде болмаған екен. Бірақ қазіргі уақытта логопедтің көмегі қажет балалардың көбейіп кеткені қынжылтады. Бұл салада кадр жетіспеушілігі бар.

Мұндай балалармен жұмыста неге аса мән беру керек? Тілінің кемістігі бар баламен тек логопед қана жұмыс істей ме? Әлде басқа мамандармен бірлесе отыра бала тілін түзейсіздер ме?

Бұл баланың жалпы сөйлеу тілінің даму деңгейіне байланысты. Егер де балада психологиялық ауытқулар болса, онда логопедтен бөлек дефектолог, психолог мамандар бірлесе әрекет етеміз. Жалпы алдымызға келген баланы алдымен диагностикадан өткізіп, қорытынды бағалау істейміз. Соның негізінде әр балаға жеке дамыту-түзету бағдарламасы жасалады. Ол бағдарламада әр маман қандай жұмыс жүргізетінін жоспарлайды. Сол мәліметтер бойынша баламен жыл бойы жұмыс істейміз. Бір жылда үш диагностика – бастапқы, жыл ортасында аралық және қорытынды диагностика жүргізіледі. Осылайша нәтижені көреміз.

«Қарлығаш» балабақшасы – еліміздегі жетекші білім орталығы. Балаларды дамытып, оқытуда заманауи тәжірибені қолданатындығы белгілі. Қазіргі уақытта қандай әдістемені негізге алып жұмыс істеп жатырсыздар?

Мен өз тәжірибеме тоқталайын. Қазіргі ХХІ ғасырдың балаларын қызықтыру оңай емес. Соған қарамастан күнделікті сабағым баланы қызықтырып, тартатындай, балаға ой салатындай болуы керек. Сол себептен көбінесе ізденіс үстінде жүреміз. Инновациялық әдіс-тәсілдерді күнделікті қолданамыз. Атап айтатын болсам – компьютерлік бағдарлама-тренажер – «Дельфа» аппараты. Онымен тыныс алу жаттығулары, артикуляциялық, фонематикалық есте сақтауын дамытатын ойын-жаттығулар бар. Ресейлік әріптесім Наталья Пятибратованың әдістерін дыбыстарды дұрыс айтуды қалыптастыруда, буын, сөз құрауда, сөздік қорын байытуда қолданамын.

Өз әдістемелеріңіз, авторлық әдіс-тәсілдеріңіз бар ма?

Әлі жарыққа шыққан жоқ, қазір жазып жатырмын, атауы – «Жалпы балабақшада логопед қызметін ұйымдастыру». Өз жұмысымды қағаз бетіне түсіруді жөн санадым, бұл салада 10 жылға жуық тәжірибем бар, жұмысымның оң нәтижесі де жетерлік.