

ҚР ПІБ Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасы» РМК базасында Орал қаласындағы мектеп және мектепке дейінгі ұйымдарының басшыларымен кездесу өтті. Кездесудің басты мақсаты – «Қарлығаш» балабақшасының материалдық-техникалық базасымен танысып, озық іс-тәжіриемен бөлісу. Сонымен қатар, мектепке дейінгі білім беруге арналған авторлық «Бастау» бағдарламасының таныстырылымы өтті.
«Бастау» бағдарламасы – баланың жан-жақты дамуына арналған бірегей жоба. Бағдарлама қозғалыс белсенділігін арттырып, танымдық қызығушылығын оятып, баланың коммуникативтік және когнитивтік қабілеттерін дамытуға бағытталған. Бұл – баланың шығармашылық әлеуетін ашуға, эмоциялық тұрақтылығын қалыптастыруға және денсаулығын нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды бастама.
«Мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамытуда тәжірибелі педагогтер мен білім басқармаларының бірлесе жұмыс істеуі – сапалы нәтижеге жеткізетін басты кілт», – деп атап өтті «Қарлығаш» балабақшасының директоры Гүлшат Онланбекқызы.
Кездесу нәтижесінде «Қарлығаш» балабақашасы мен Орал қаласының Білім басқармасымен өзара ынтымақтастық орнатып, «Бастау» бағдарламасын Орал қаласының мектепке дейінгі ұйымдарда сынақтан өткізу туралы келісімге келді. Бұл – өңірлер арасындағы тәжірибе алмасу мен сапалы білімге бағытталған маңызды қадам!