


«Қарлығаш» балабақшасында «ECOTEAM: экологиялық ортаға экологиялық қатынастардан» атты республикалық семинар өтті. Іс-шараға Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының Білім басқармалары мен мектепке дейінгі ұйымдарының 120-дан астам педагогтері және методистері қатысты.
Семинарға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім беру мазмұны басқармасының басшысы Бағым Куптлеуова, «Балаларды ерте дамыту институты» РММ директоры Мария Ерманова және басқа да сала мамандары қатысты.
«Қарлығаш» балаларының ән шашу, биі қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Балабақша педагогтері мен қатысушылар «BILIM MEET UP» форматындағы панельдік сессиялар мен шеберлік сабақтарда тәжірибе алмасты.
Семинар аясында «Қарлығаш» №3 балабақшасының меңгерушісі Индира Жолданбаева «Эко-кеңістік даму ортасының бөлігі ретінде: идеядан іске асыруға дейін» тақырыбындағы эксперименттік алаңның экологиялық жобаларымен таныстырды.
Эксперименттік алаңға ғылыми жетекшілік ететін педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, институт директоры Ж. Ахмадиева әр өңірден келген мамандарға баланың дамуындағы үздік әдіс-тәсілдерін ұсынды.
«Мектепке дейінгі шақ – баланың болашақ өмірінің іргетасы қаланатын кезең. Денсаулық, ақыл-ой, еңбекке көзқарас пен табиғатқа деген сүйіспеншілік дәл осы кезде қалыптасады. Экологиялық тәрбие — бүгінгі күннің маңызды мәселесі. Осындай кездесулер арқылы біз тек білім емес, құндылықтар қалыптастырамыз», — деді балабақша директоры Гүлшат Онланбекқызы.
Семинар соңында қатысушылар алғыс білдіріп, болашақта бірігіп жұмыс істеу туралы келісімдерге қол жеткізді. Жиналғандар іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және өзектілігін ерекше атап өтті.