



ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Үздік балабақша – 2025» жоғары марапатына ие болды. Бұл мәртебе республика бойынша сапалы білім беру қызметін ұсынатын үздік ұйымдарды қолдауға бағытталған «Тірек мектепке дейінгі ұйымдар» жобасы аясында берілді.
Шешім балабақшаның қызметін кешенді бағалау нәтижесінде қабылданды: оқу-тәрбие үдерісінің сапасы, инновациялық әдістерді қолдану, педагогтардың кәсіби шеберлігі, балаларға қауіпсіз әрі дамытушы орта құру деңгейі, сондай-ақ «Қарлығаш» балабақшасы жұмысының нәтижесін бағалап, бала тәрбиесі мен дамуын сеніп тапсыратын ата-аналардың ризашылығы мен сенімі ескерілді. «Қарлығаш» балабақшасы тұрақты жетістіктерге қол жеткізіп, еліміздегі басқа мектепке дейінгі ұйымдар үшін Біліктілік орталығы әрі үлгі ретінде қызмет етеді.
Мектепке дейінгі балалардың дамуына арналған авторлық тәсілдер, зияткерлік, шығармашылық және әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруға бағытталған озық технологиялар мен бағдарламаларды интеграциялауға ерекше көңіл бөлінеді. Балабақша табысты тәжірибесін белсенді таратып, әдістемелерімен бөлісіп, еліміздегі мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамытуға елеулі үлес қосуда.
Бұл беделді марапаттың «Қарлығаш» балабақшасының 15 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуі символдық мәнге ие. Мерейтой жылы алынған бұл мойындау «Қарлығаштың» жоғары мәртебесін дәлелдеп қана қоймай, жаңа жетістіктерге жігерлендіретін белес болды. Балабақшаның жетістігі - ұжым еңбегінің сапасын көрсететін ғана емес, сонымен бірге мекеменің ерекше миссиясының айғағы: жоғары стандарттарды қалыптастыру, инновацияларды енгізу және елдің болашағын жасауға үлес қосу.
«Үздік балабақша – 2025» марапаты «Қарлығаштың» ұлттық флагмандық алаң, құзыреттер орталығы және мектепке дейінгі білім беру саласындағы үздік тәжірибелер зертханасы ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте айқындайды.