Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасында тәрбиеленушілердің денсаулығы мен иммунитетін нығайтуға бағытталған фитобар өз жұмысын табысты жалғастыруда. Бұл бастама балабақшадағы сауықтыру іс-шаралары жүйесінің маңызды бөлігіне айналды.
Бекітілген жоспарға сәйкес, жаңа оқу жылының басынан бастап балабақшада фитошай ішуге арналған профилактикалық жұмыс жүргізілуде. Бұл – мекеменің дәстүрге айналған пайдалы тәжірибесі. Фитошай ішу рәсімі дене шынықтыру және жүзу сабақтарынан кейін өткізіледі. Әр балаға 50 мл көлемінде арнайы таңдалған шөп қоспаларынан дайындалған фитошай ұсынылады.
Балабақшада фитоменю енгізілген, онда шөптерді дайындау рецептурасы балалар тамақтануының нормаларына сәйкес әзірленген. Дайындау барысында түймедақ, шайшөп, жөке, жебір және басқа да ағзаға қуат беретін, қабынуға қарсы қасиеті бар табиғи өсімдіктер қолданылады.
Фитобар жұмысы медицина қызметкерлері мен диетологтардың тұрақты бақылауында жүргізіледі. Әр жас тобына арналған құрамдар балалардың физиологиялық ерекшеліктері мен денсаулық жағдайына қарай бейімделеді.
Барлық топтарда аллергиялық бейімділігі бар балалардың тізімі жасақталған, мұндай тәрбиеленушілерге фитошай беру жеке тәртіппен, медициналық ұсынымдарға сәйкес жүргізіледі.
Фитотерапияның өзектілігі әсіресе күз-қыс маусымында арта түседі, себебі бұл кезеңде тұмау мен жіті респираторлық инфекциялардың қаупі жоғары болады. Маусымдық аурулар көбейген кезде фитошайлар - ағзаның қорғаныс қабілетін табиғи жолмен нығайтатын, жұмсақ әрі тиімді профилактикалық әдіс болып саналады. Өсімдіктер құрамындағы дәрумендер, микроэлементтер мен эфир майлары иммундық жүйені күшейтіп, зат алмасуды жақсартады, ағзаның сергектігін арттырып, инфекцияларға төзімділікті жоғарылатады.
Фитотерапия балалардың жас ерекшелігіне сай, тиімді әрі қауіпсіз профилактикалық тәсіл ретінде өзін жақсы дәлелдеді. Ол жалпы ағзаны сауықтыруға, көңіл күй мен ұйқы сапасын жақсартуға, баланың эмоционалды тепе-теңдігін сақтауға ықпал етеді.
«Қарлығаш» балабақшасында тәрбиеленушілердің денсаулығын нығайту - білім беру үдерісінің ажырамас бөлігі. Мұнда физикалық дамуға, теңгерімді тамақтануға, алдын алу және шынықтыру шараларына, сонымен қатар жылы әрі жайлы атмосфера қалыптастыруға ерекше мән беріледі.
Фитобар дәстүрін сақтау мен дамыту - балабақшаның басты қағидаттарының бірі. Бұл бастама - салауатты, үйлесімді және бақытты ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған «Қарлығаш» ұжымының жүйелі еңбегінің көрінісі.