Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасында жоспарланған өрт қауіпсіздігі бойынша оқу-жаттығу өткізілді. Іс-шара қауіпсіздік және еңбек қорғау қызметінің ұйымдастыруымен өтті және оның басты мақсаты - қызметкерлердің төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылға даярлығын арттыру, сондай-ақ балаларды эвакуациялау кезінде қауіпсіз әрі жедел әрекет етуді пысықтау болды.
Оқу-жаттығу барысында қауіпсіздік қызметінің мамандары өрт шыққан жағдайда өзін қалай ұстау керектігі туралы түсіндіріп, дабыл беру жүйесінің жұмысын көрсетті және бастапқы өрт сөндіру құралдарын іс жүзінде қолдану тәсілдерін үйретті. Балабақша қызметкерлері шартты дабыл кезінде әрекет ету алгоритмін пысықтап, балалардың топтардан ретімен, сабырлы түрде эвакуациясын ұйымдастырды.
Мұндай оқу-жаттығулардың жоспарлануы «Қарлығаш» балабақшасындағы қауіпсіздік жүйесінің маңызды бөлігі болып табылады. Олар ұжымның даярлығын арттырып, әрбәр қызметкердің жауапкершілігі мен сенімділігін қалыптастырады. Балабақшада еңбек қауіпсіздігі мен өрт қауіпсіздігіне және жалпы қауіпсіздікке ерекше мән беріледі, себебі тәрбиешілер мен қызметкерлердің басты назары балалардың амандығына және оларды қорғауға бағытталған.