«Бала алдымен сезінеді - содан кейін ғана ойланады». Қазіргі қарқынды өзгерістер жағдайында эмоциялық интеллект баланың бойында сенімділік, дербестік және өмірлік қиындықтарды еңсеру қабілетінің қалыптасуына негіз бола отырып, тұлғаның сенімді дамуының негізгі факторларының біріне айналуда.
Заманауи мектепке дейінгі білім беру жүйесінде эмоцияларды түсіну және реттеу ерте меңгерілетін академиялық нәтижелерден маңыздырақ, балабақша эмоциялық тұрақтылықты қалыптастыруда қандай рөл атқаратыны және бұл баланың болашағына қалайша әсер ететініні жөнінде Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасы Мектепке дейінгі білім беру сапасын мониторингтеу және бағалау басқармасының басшысы Раушан Тохтарқызы Қожахметова "Kazinform" ақпарат агенттігіне өз пікірін білдірді.
Маманның айтуынша, баланың дамуын IQ көрсеткіштері мен ерте зияткерлік жетістіктері арқылы ғана бағалау оның үйлесімді қалыптасуына кепілдік бермейді. Тәжірибеге келетін болсақ, интеллектуалдық әлеуеті жоғары балалар көбіне мазасыздық, қателік жасаудан қорқу және қарым-қатынас барысында қиындықтарға бейім болады.
«IQ деңгейі жоғары бала топтағы ең мазасыз әрі өзін жалғыз сезінетін бала болуы мүмкін», - дейді Раушан Қожахметова.
Сарапшының пікірінше, баланың әлемі ең алдымен эмоциядан басталады. Ерте жастағы балалар өз көңіл-күйін сөзбен емес, сезім арқылы білдіреді. Сондықтан балабақшаға бейімделу кезеңі жиі көз жасы мен алаңдаушылықпен қатар жүреді – бала жаңа ортаға бейімделіп, өз сезімін толық түсіне алмайды.
«Қарлығаш» балабақшасында эмоциялық интеллектіні дамыту күнделікті білім беру ортасына кіріктірілген жүйелі әрі кезеңдік үдеріс ретінде қарастырылады. Кіші жастағы балалар тобында заттық әрекетті меңгеру және қоршаған ортамен ұқыпты қарым-қатынас орнату басым болады. Ал кіші және орта топтарда балаларды қарым-қатынас жасауға, келісуге, өз сезімдерін сөзбен білдіруге және құрдастарымен агрессиясыз әрекеттесуге үйретуге ерекше назар аударылады.
«Бала өз ішкі жай-күйін реттей алмағанда, интеллект «бұғатталып» қалғандай болады. Білімі бар, алайда оны қолдану дағдысы әлі қалыптаспаған», - деп атап өтті маман.
Осы үдерісте ойын формасына ерекше мән беріледі. Ойын барысында балалар нақты өмірлік жағдайларды бастан кешіреді: күту, бірлесе әрекет ету, сәтсіздікті қабылдау және қайтадан әрекет етуді үйренеді. «Қарлығашта» қате - жазалаудың себебі емес, оқытудың табиғи әрі құнды бөлігі ретінде қарастырылады.
«Қате - бұл соңы емес, керісінше өсуге мүмкіндік беретін құрал», - дейді Раушан Қожахметова.
Білім беру процесінде отбасы мен балабақша арасындағы серіктестік те маңызды рөл атқарады. Ата-аналар баланың эмоцияларымен жұмыс істеуге арналған нақты құралдарды алады. Осының нәтижесінде мазасыздық пен агрессия деңгейі төмендеп, баланың эмоциялық «сөздік қоры» кеңейеді, ал құрдастармен орнатылатын қарым-қатынас жеңіл әрі сенімді бола түседі.
Сөз соңында маман эмоциялық дамудың уақытша үрдіс емес, қазіргі мектепке дейінгі білім берудің берік іргетасы екенін атап өтеді.
«Эмоциялық интеллект - сенімділік, дербестік және әрекеттесу қабілетін қалыптастыратын негіз. Онсыз білім мен дағдылар толықтай іске аспайды», - деп түйіндейді сарапшы.