Балабақшадағы балалар арасындағы келіспеушіліктер - мектепке дейінгі жастағы дамудың табиғи бөлігі. «Қарлығаш» №1 балабақшасының меңгерушісі Жанар Дюсенованың айтуынша, мұндай жағдайлар арқылы бала қарым-қатынас жасауды, әділдік пен сыйластықты үйренеді.
Маманның пікірінше, ересектер әр жанжалға бірден араласып, баланың орнына шешім қабылдамауы тиіс. Балалар сөйлесу, тыңдау және келісу арқылы өзара түсіністікке келуді үйренуі маңызды. Негізгі мақсат - «ыңғайлы» бала тәрбиелеу емес, кез келген жағдайда өзін ұстай алатын тұлға қалыптастыру.
Даулар көбіне жас ерекшелігіне байланысты туындайды. 2-3 жаста балалар ойыншық үшін ренжісе, 4-5 жаста ойын ережесі мен рөлдерді бөлу маңызды бола бастайды. Осындай сәттерде тәрбиеші көбіне бақылаушы позициясын ұстап, қажет кезде ғана жұмсақ бағыт береді.
Балабақшада жанжалды конструктивті шешуге бағытталған әдістер қолданылады. Соның ішінде «Шешімін тап» ойыны, ортақ ережелерді бірге қабылдау, ертегілер мен ойындар арқылы эмоцияны түсіндіру тәсілдері бар. Бұл балалардың дербестігін, жауапкершілігін және бірлесіп әрекет ету дағдыларын дамытады.
Меңгерушінің айтуынша, балалар көбіне бір-бірін әдейі ренжітпейді, тек сезімін сөзбен жеткізе алмағандықтан ашуланады. Сондықтан ересектердің міндеті - баланың эмоциясын түсініп, оны дұрыс жеткізуге үйрету.
Тәрбие жұмысының тиімді болуы үшін балабақша мен ата-ана арасында бірізділік маңызды. Үй мен балабақшада бірдей талап болған жағдайда бала өзін сенімді сезініп, ортаға тез бейімделеді.
Қорытындысында, балабақшадағы дауларды дұрыс педагогикалық сүйемелдеу балалардың коммуникативтік мәдениетін қалыптастырып, болашақта саналы әрі жауапты азамат болып өсуіне негіз қалайды. Сұхбаттың толық нұсқасы el.kz