2026 жылғы 16 сәуірде Астана қаласында Rixos President Hotel алаңында Marshall Cavendish Education және EduHub ұйымдарының бірлесуімен «Ойлау арқылы табысқа жету» атты халықаралық конференция өтті. Іс-шара бағдарламасы математика, жаратылыстану ғылымдары мен ағылшын тілін оқытудың заманауи тәсілдеріне, сондай-ақ білім беру ортасында ойлауды дамытуға бағытталған практикалық құралдарға арналды.
Конференцияның негізгі спикерлері қатарында білім беру саласының танымал сарапшылары: физика бойынша Cambridge IGCSE оқулықтарының авторы доктор Хо Бун Тионг, білім беру саласының сарапшысы доктор Брэндон О және Hwa Chong Institution оқу орнында ағылшын тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы мисс Жозефина Фай-Ми болды. Өз баяндамаларында спикерлер оқыту сапасын арттыруға, тұрақты оқу мотивациясын дамытуға және тиімді әдістемелік шешімдерді тәжірибеде қолдануға бағытталған тәсілдерді ұсынды.
Аталған конференцияға Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасынан директордың тәрбие және білім беру жұмысы жөніндегі орынбасары А.Ш. Стыбаева, балабақша меңгерушілері, сондай-ақ білім беру және әдістемелік бағытқа жауапты құрылымдық бөлімшелердің басшылары мен мамандары қатысты.
Бағдарлама аясында қатысушылар сингапурлық оқыту жүйесінің негізгі қағидаттарымен, пәндерді оқытудың заманауи тәсілдерімен және мектепке дейінгі деңгейге бейімдеуге болатын практикалық құралдармен танысты. Әсіресе сын тұрғысынан ойлау, дербестік пен сенімділікті дамыту, сондай-ақ тұрақты нәтижеге бағытталған білім беру ортасын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Қарлығаш» командасы үшін бұл конференция халықаралық тәжірибелермен танысып қана қоймай, оларды өз тәжірибесімен салыстырып, өзекті бағыттарды айқындауға мүмкіндік берді. Алынған білім мен құралдар алдағы уақытта білім беру процесіне, соның ішінде «Бастау» бағдарламасын жүзеге асыру және сингапурлық математика элементтерін енгізу аясында қолданылатын болады.
Осылайша, конференцияға қатысу білім беру ортасының заманауи талаптар мен халықаралық білім беру практикасына сәйкестігін қамтамасыз ете отырып, одан әрі дамыту бағыттарын нақтылауға және қолданылып жатқан әдістемелердің практикалық тиімділігін күшейтуге мүмкіндік берді.