Жеңіс күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасының қызметкерлері мен "Аманат" партиясының өкілдері тыл ардагерлеріне арнайы барып, алдағы мерекемен жеке құттықтап, ел тарихына қосқан үлестері үшін алғыстарын білдірді.
Кездесу барысында ардагерлермен болған ашық әрі шынайы әңгімеге ерекше назар аударылды. Олардың өмір жолы - ортақ тарихи жадымыздың бір бөлігі және Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбектің үлгісі.
Бұл кездесудің өзегінде - өмір жолын бірге өткеріп, еңбекке, отбасына және өмірлік қағидаттарына адалдық танытқан Тажибаевтар жұбы.
Тажибаев Абдикадыр 1936 жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын Қызылорда облысы Арал ауданында ауыл шаруашылығы саласында бастаған. Бүгінде ол - тыл және еңбек ардагері, Байқоңыр қаласының құрметті азаматы.
Оның жұбайы - Тажибаева Куляш, 1941 жылы Қызылорда облысы Арал ауданында дүниеге келген. Алты бала тәрбиелеген көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері, немере-шөбере сүйіп отырған ардақты әже.
Кездесу барысында ардагерлерге естелік сыйлықтар мен гүл шоқтары табысталды. Бұл күннің ерекше мәні олардың өмір жолына деген шынайы құрмет пен ыстық ықыластан көрініс тапты.
Мұндай кездесулер тыл ардагері болып табылатын отбасылық жұптарға деген терең құрметтің, олардың ерең еңбегінің және Жеңіске қосқан үлесінің көрінісі болып табылады, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығын нығайтатын маңызды символға айналады.