Астанада Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасында «Ұлттық құндылықтар: жаңа мағына, жаңа көзқарас» атты қалалық семинар өтіп, мектепке дейінгі білім беру жүйесіне ұлттық құндылықтарды кіріктірудің заманауи тәсілдері талқыланды. Бұл туралы республикалық ақпараттық-білім беру басылымы «Білімді ел» хабарлады. Іс-шараға елордалық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтері қатысты.
Семинардың құрметті қонақтары мен спикерлері қатарында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Педагогика кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Жиенбаева Сайра Нағашыбайқызы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Жұмабекова Фатима Ниязбекқызы, Astana International University профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Жұмабаева Зайда Ефимқызы, сондай-ақ «Қарлығаш» балабақшасының білім беру жүйесі мен дәстүрлерінің қалыптасуына негіз қалаған балабақшаның бұрынғы басшысы Абдуллина Гульнара Қазизовна болды.
Семинарда заманауи білім беру әдістері мен ұлттық тәрбиені ұштастыру мәселелері қарастырылды. Қатысушылар баланың мәдени болмысын қалыптастыру, ұлттық дәстүрлермен сабақтастықты сақтау және ұлттық мазмұнды күнделікті білім беру ортасына енгізу тақырыптарын талқылады.
Іс-шараның ашылуы балабақша тәрбиеленушілерінің шығармашылық бағдарламасымен жалғасты. Қонақтарға «Мереке» биі, «Ұлы Қазақстан» әні және «Астана думан» оркестрінің өнері ұсынылып, ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарға құрмет атмосферасын қалыптастырды.
Семинар қатысушыларына арнаған құттықтау сөзінде балабақша директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, қауымдастырылған профессор Гүлшат Онланбекқызы ұжымның ұлттық құндылықтарды білім беру үдерісіне табиғи әрі үйлесімді енгізудің жаңа жолдарын күнделікті ізденіспен жүзеге асырып отырғанын атап өтті.
«Біз үшін бұл – бөлек бағыт емес, баланың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі. Ұлттық нақыш білім беру ортасынан бастап күнделікті дәстүрлерге дейін көрініс табады. Тіпті ас мәзірінде де ұлттық тағамдар бар. Біз үшін балалардың кішкентай кезінен өз тамырымен байланысын сезініп, өз мәдениетінің құндылығын түсініп, ұлттық болмысқа құрметпен өсуі маңызды», – деді балабақша басшысы.
Бағдарламаның маңызды бөлімдерінің бірі «Бастау» авторлық бағдарламасы аясында ұйымдастырылған экскурсиялық тур болды. Қонақтарға тақырыптық сабақтар, қазақ халық ертегілері желісімен қойылған театрландырылған көрініс, ұлттық ойындар алаңы, жүзу секциясы және сәндік-қолданбалы өнерге арналған «Қолөнер сыры» эксперименттік алаңы таныстырылды.
Сондай-ақ семинар барысында заманауи білім беру технологияларына ерекше назар аударылды. Педагогтер балалардың эмоционалдық интеллектісін дамыту тәжірибелерімен бөлісіп, ағылшын тілін сингапурлық оқыту әдістемесі арқылы меңгерту бағытындағы жұмыстарын көрсетті.
Бағдарламаның жалғасы ретінде өткен Meet Up алаңында сарапшылар мен педагогтер цифрлық дәуірдегі ұлттық құндылықтарды тәрбиелеу мен ұрпаққа жеткізу мәселелерін талқылады.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Жұмабекова Фатима Ниязбекқызы «Қарлығаш» балабақшасында қалыптасқан білім беру ортасы мен ұлттық құндылықтарды кіріктірудегі тәжірибеге жоғары баға берді.
«Ұлттық құндылықтар тақырыбы аясында ұйымдастырылған іс-шара мазмұндық және ұйымдастырушылық тұрғыдан жоғары деңгейде өтті. Мұнда ұлттық құндылықтарды білім беру үдерісіне жүйелі әрі терең ойластырылған түрде енгізу жұмыстары анық көрінеді. Әсіресе ата-анамен сабақтастық, педагогтердің кәсіби шеберлігі және дәстүр мен заманауи технологиялардың үйлесімді ұштасуы ерекше әсер қалдырады. 2012 жылдан бері балабақша жұмысына куәмін. Бүгінде мұнда озық тәжірибесі қалыптасқан мықты инновациялық алаң бар екенін сеніммен айта аламын», – деп атап өтті профессор.
Сонымен қатар Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Педагогика кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Жиенбаева Сайра Нағашыбайқызы да өз пікірін білдірді. Профессордың ғылыми жетекшілігімен балабақшада ұлттық құндылықтарды білім беру үдерісіне кіріктіруге бағытталған «Бастау» авторлық бағдарламасы әзірленген.
«Бүгінде мектепке дейінгі білім берудің ең маңызды міндеттерінің бірі – балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру. Дәл осы ерте жаста күнделікті әрекет, ойын, қарым-қатынас пен дәстүр арқылы баланың тұлғалық негізі мен мәдени бағдарлары қалыптасады. Бүгінгі тәжірибе үлкен сенім мен болашаққа деген үміт сыйлайды», – деді профессор.
Сондай-ақ кездесуде жасанды интеллект мүмкіндіктерін ұлттық мұраны насихаттауда пайдалану, мнемотехника әдістерін қолдану және мектеп жасына дейінгі балаларды ұлттық мәдени мазмұнмен таныстырудың заманауи тәсілдері талқыланды.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар семинардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және ұсынылған тәжірибенің практикалық маңызын атап өтті. Семинар «Қарлығаш» балабақшасының мектепке дейінгі білім беру саласындағы жетекші инновациялық алаң ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте айқындап, заманауи технологиялар мен авторлық бағдарламаларды ұлттық құндылықтармен үйлестіре отырып, біртұтас тәрбие және даму жүйесін қалыптастырып отырғанын көрсетті.
Толғырақ осы сілтеме арқылы оқи аласыз.