Бүгін Қазахстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі мамандарының жетекшілігімен жоспарлы оқу-жаттықтыру жұмыстары өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты - төтенше жағдайлар кезінде тәрбиеленушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, эвакуациялық іс-қимылдардың тиімділігін тексеру және ұжыммен қатар балалардың да қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру.
Оқу-жаттығу барысында төтенше жағдай туындаған кездегі іс-әрекет алгоритмдері кезең-кезеңімен пысықталды. Тәрбиеленушілер педагогтердің жетекшілігімен қауіпсіз эвакуациялау тәртібін тәжірибе жүзінде орындап, белгіленген бағыт бойынша қауіпсіз алаңға ұйымдасқан түрде шығарылды.
Қызметкерлердің үйлесімді әрекеті мен нақты ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде 6 минут ішінде 353 тәрбиеленуші мен 97 қызметкер қауіпсіз алаңға толық эвакуацияланды. Жаттығу барысында балалар сабырлылық танытып, нұсқаулықтарды мұқият орындады, бұл балабақшадағы қауіпсіздік мәдениетінің жүйелі түрде қалыптасып келе жатқанын көрсетті.
Сонымен қатар оқу-жаттығу жұмыстары қызметкерлердің жедел әрекет ету қабілетін, жауапкершілігін және төтенше жағдайлар кезіндегі өзара іс-қимылдарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Өткізілген іс-шара балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған алдын алу шараларының маңызды бөлігіне айналып, қауіпсіз білім беру ортасын қамтамасыз ету жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілетінін көрсетті.
Балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқаты - «Қарлығаш» балабақшасы қызметінің басты басымдықтарының бірі.