«Білімді ел – Образованная страна» республикалық білім беру қоғамдық-саяси басылымында адами капиталды қалыптастырудағы және мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі ерте жастағы балалық шақтың маңыздылығына арналған «Балалық шақ – елдің стратегиялық ресурсы» атты талдамалық мақала жарияланды.
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай әзірленген бұл жарияланым бүгінгі таңда тек педагогикалық қауымдастықтың ғана емес, жалпы мемлекет деңгейіндегі өзекті мәселелерді көтереді. Мақалада мектепке дейінгі білім берудің заманауи әлемдік және ұлттық тәсілдері қарастырылып, баланың өмірінің алғашқы жылдарының оның тұлға болып қалыптасуындағы, танымдық белсенділігінің, дербестігінің және болашақта білім алуға қабілеттілігінің дамуындағы рөлі айрықша атап көрсетіледі.
Материалда әлемнің жетекші елдері балалық шаққа салынатын инвестицияны қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін ең тиімді тетіктердің бірі ретінде қарастыратынына назар аударылады. Бұл ұстаным балалардың әл-ауқатын қамтамасыз ету мен олардың жан-жақты дамуына жағдай жасауға ерекше мән берілетін Қазақстанның мемлекеттік саясатында да көрініс табуда.
Мақалада сапалы мектепке дейінгі білім берудің баланың оқу жетістіктеріне, әлеуметтік дағдыларының қалыптасуына және болашақтағы өмірлік табыстылығына ұзақ мерзімді әсерін дәлелдейтін ЭЫДҰ халықаралық зерттеулерінің деректері ұсынылған. Сонымен қатар жарияланым тек статистикалық мәліметтер мен ғылыми қорытындыларға ғана емес, баланың өзіне де назар аударады – оның сүйіспеншілікке, қолдауға, қауіпсіздікке деген қажеттілігіне және қоршаған әлемді танып-білу мүмкіндігіне мән береді.
Жарияланымда Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасының директоры Гүлшат Онланбекқызы өз сараптамалық пікірін білдірді. Ол ересектердің маңызды міндеттерінің бірі балалардың табиғи қызығушылығын, ашықтығын және тануға деген ұмтылысын сақтап қалу екенін, сондай-ақ әр баланың өзін сенімді сезініп, бастамашылдық танытып, өз қабілеттерін аша алатын орта қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
Материалда отбасы мен педагогтердің өзара серіктестігі мәселесіне де ерекше орын берілген. Баланың дамуына қатысты ең маңызды нәтижелерге ата-аналар мен мамандар ортақ мақсат жолында бірлесіп әрекет етіп, баланың өсуі мен қалыптасуын қолдаған жағдайда ғана қол жеткізуге болатыны атап көрсетіледі.
Жарияланым қарапайым, бірақ маңызды шындықты еске салады: кез келген білім беру бағдарламаларының, тұжырымдамалардың және стратегиялық шешімдердің өзегінде әрдайым бала тұрады. Сондықтан балаларға қамқорлық жасау – қоғамның әлеуметтік жауапкершілігі ғана емес, елдің болашағына салынатын ең маңызды инвестициялардың бірі. Өйткені Қазақстанның болашағы біз ойлағаннан әлдеқайда ерте басталады – ол балалық шақтан бастау алады.
Толық мәтін осы сілтеме арқылы оқи аласыз.