2026 жылғы 4 маусымда «Қарлығаш–3» балабақшасында «Финляндияның тиімді білім беру тәжірибелерін зерделеу және бейімдеу арқылы педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту» тақырыбында семинар өтті.
Іс-шара педагогтерді халықаралық озық тәжірибелермен таныстыруға, білім беру саласындағы заманауи үрдістерді талқылауға және мектепке дейінгі білім беру мамандарының кәсіби құзыреттіліктерін жетілдіруге бағытталды.
Семинар аясында «Қарлығаш-3» балабақшасының меңгерушісі Әлфия Макамбаева «Финляндия білім беру саласында ЖИ қолдану ерекшеліктері. “Life Long Learning” концепциясы» тақырыбында баяндама жасап, жасанды интеллект технологияларын білім беру үдерісінде қолдану мүмкіндіктері мен үздіксіз білім алудың заманауи білім беру жүйесіндегі маңыздылығына тоқталды.
«Мектеп директорлары мен ауыл мектептері басшылары қауымдастығының» менторы Құралай Байтажикова «Балабақша көшбасшысы: басқару емес, ықпал ету өнері» тақырыбында сөз сөйлеп, кәсіби ықпалға, командалық мәдениетті дамытуға және педагогикалық бастамаларды қолдауға негізделген көшбасшылықтың заманауи тәсілдерімен бөлісті.
«Парасат» тобының тәрбиешісі Гүлнұр Жақсылық Финляндия мен Қазақстанның жоғары білім беру жүйелеріне салыстырмалы талдау ұсынып, екі елдегі білім беру үдерісінің ерекшеліктері, тиімділік көрсеткіштері және даму перспективалары туралы ақпарат берді.
Семинар кәсіби диалог құруға, тәжірибе алмасуға және білім беру саласының өзекті мәселелерін талқылауға арналған тиімді алаңға айналды. Осындай іс-шаралар педагогтердің кәсіби көкжиегін кеңейтуге, үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуге және білім беру сапасын арттыруға ықпал етеді.