Кәсіби мереке – Медицина қызметкері күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасының медицина қызметкерлері жоғары мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.
Балалардың денсаулығын сақтау мен нығайтуға қосқан елеулі үлесі, көпжылдық адал еңбегі және жоғары кәсіби біліктілігі үшін «Қарлығаш» балабақшасының аға мейіргері Ботаева Лейля Ғомарқызы Қазақстан Республикасының «Шапағат» медалімен марапатталды.
Ал «Қарлығаш» балабақшасының дәрігер-педиатры Халмұхамедова Саида Умутбайқызы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісіне ие болды.
Тәрбиеленушілердің денсаулығын сақтау мен нығайту – балабақша қызметінің басым бағыттарының бірі. Медицина қызметі балаларды кешенді медициналық сүйемелдеуді қамтамасыз етіп, профилактикалық және сауықтыру жұмыстарын жүргізеді, сондай-ақ әрбір баланың денсаулығын нығайтуға қолайлы жағдай жасайды.
Жоғары наградалар – өз ісіне адалдықтың, жоғары жауапкершіліктің және өскелең ұрпақтың денсаулығы мен амандығы жолындағы қажырлы еңбектің лайықты бағасы.
«Қарлығаш» балабақшасының ұжымы әріптестерін марапаттарымен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, амандық, кәсіби табыс пен жаңа жетістіктер тілейді.