ҚР ПІБ Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасында Ұлттық домбыра күніне арналған іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл мереке қазақ халқының бай мәдени мұрасын дәріптеп, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіруге бағытталған.
Іс-шара барысында тәрбиеленушілер домбыраның шығу тарихымен, оның үнімен және қазақ халқының өміріндегі маңызымен танысты. Педагогтер балаларға ұлттық музыкалық аспаптың ерекшеліктері, күй өнері және атақты күйшілер туралы әңгімеледі. Балалар күйлерді тыңдап, тақырыптық оқу іс-әрекеттеріне, шығармашылық жұмыстарға, музыкалық ойындар мен танымдық тапсырмаларға белсенді қатысты.
Мерекелік бағдарламада қазақ күйлері мен әндері орындалып, ұлттық билер ұсынылды. Тәрбиеленушілер өлең оқып, халқымыздың салт-дәстүрлерімен танысып, ұлттық мәдениеттің рухани құндылықтарын тереңірек сезіне білді.
Ұлттық домбыра күнін атап өту – «Қарлығаш» балабақшасында ұлттық құндылықтарды білім беру үдерісіне жүйелі түрде кіріктіру жұмысының жалғасы. Ұлттық музыкамен, салт-дәстүрмен және мәдени мұрамен танысу арқылы балалардың бойында туған халқына құрмет, ұлттық болмысқа деген сүйіспеншілік, Отанға деген мақтаныш сезімі мен рухани құндылықтарға қызығушылығы қалыптасады. Ұлттық құндылықтарды баланың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру – балабақшадағы тәрбие жұмысының негізгі бағыттарының бірі.