ҚР ПІБ Медициналық орталығының «“Қарлығаш” балабшасының» тәрбиеленушілер елордамыздың көрікті орындарының бірі – Астана ботаникалық бағына саяхат жасап, табиғаттың сан қырлы әлемімен жақынырақ танысты.
Экскурсия барысында балалар өсімдіктерді қызығушылықпен тамашалап, олардың ерекшеліктерін бақылап, жапырақтары мен гүлдерінің пішіндерін салыстырып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап іздеді. Бақтың әрбір бұрышы бүлдіршіндер үшін жаңа әсер мен тың жаңалыққа толы болды. Бұрын кездестірмеген өсімдіктер мен гүлдердің алуан түрлілігі олардың таңданысын оятып, табиғатқа деген қызығушылығын арттыра түсті.
Балалардың шынайы қызығушылығы, аңғал қуанышы мен зерттеуге деген құлшынысы бұл саяхатты ерекше әсерге толы танымдық сапарға айналдырды. Жас зерттеушілер табиғаттың сұлулығын тамашалап қана қоймай, оны бақылап, зерделеудің де қызықты екенін сезінді.
Экологиялық тәрбие – балабақшамыз жұмысының басым бағыттарының бірі. Табиғатпен етене араласу, оны бақылау және зерттеу арқылы балалардың қоршаған орта туралы түсінігі кеңейіп, өсімдіктер мен тіршілік атаулыға қамқорлықпен қарау дағдылары қалыптасады. Сонымен қатар табиғатты аялауға, оның байлығын сақтауға деген жауапкершілік сезімі нығая түседі.
Астана ботаникалық бағына жасалған бұл танымдық саяхат балаларға көтеріңкі көңіл күй, жарқын әсерлер мен жаңа білім сыйлап, табиғат әлемін танып-білуге деген қызығушылықтарын одан әрі арттырды.
Бұл сапар бүлдіршіндерге жарқын әсерлер мен жаңа жаңалықтар сыйлап, табиғаттың ғажайып әлемі әрқашан жанымызда екенін, оны байқап, көре білудің өзі үлкен қуаныш екенін тағы бір мәрте сезіндірді.