Астанада «Инклюзивті балалық шақтан – экономикалық дербестікке» тақырыбында халықаралық семинар өтті. Мұндай кәсіби диалогтың мақсаты – мүгедектігі бар адамдардың қоғам өміріне толыққанды қатысуы, сапалы білім алуы, әлеуметтік бейімделуі және экономикалық тұрғыдан дербес болуы үшін жағдайлар жасау.
Іс-шараға ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы «Қарлығаш» балабақшасының директоры Гульшат Онланбекқызы мен Стратегиялық даму басқармасының басшысы Гулияш Балкенқызы Ниязова қатысты.
Халықаралық семинарды БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп ұйымдастырды. Кәсіби алаңға халықаралық сарапшылар, мемлекеттік органдардың, академиялық қоғамдастықтың және азаматтық сектордың өкілдері жиналды.
Бағдарлама аясында инклюзияны қамтамасыз ету кезіндегі кедергілер мен деректерге негізделген және адамның ұзақ мерзімді мүмкіндіктеріне бағдарланған тиімді қолдау жүйесін қалыптастыру тәсілдері талқыланды.
ЮНИСЕФ-тің халықаралық сарапшысы Нора Шабани инклюзивті балалық шақты қолдау жүйелерін жетілдірудің халықаралық тәжірибесі мен тиімді практикалары туралы баяндама жасады.
Деректерді модельдеу және пайдалану мәселелеріне жекелеген сессиялар арналды. Халықаралық сарапшы Даниэль Монт инклюзияны мониторингілеуге арналған заманауи ақпараттық жүйелерді қалыптастыру және инклюзивті білім берудің тиімділігін бағалау әдіснамасы мәселелері бойынша негізгі спикерлердің бірі болды.
Бағдарламаның маңызды бөлігі Қазақстандағы инклюзия мәселелеріне арналды. Практикалық топтық жұмыс барысында қатысушылар мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастардың инклюзиясын ілгерілетудің мүмкіндіктері мен сын-қатерлерін, сондай-ақ жағдайды нақтырақ талдау және негізделген шешімдер қабылдау үшін статистикалық деректердің қажеттілігін талқылады.
Сарапшылық және пленарлық талқылаулардың қорытындысы бойынша практикалық ұсынымдар топтамасын қалыптастыру және кәсіби диалог пен Қазақстандағы инклюзивті саясатқа көзқарасты жетілдіру үшін негіз бола алатын зерттеулердің келесі бағыттарын айқындау жоспарлануда.
«Қарлығаш» балабақшасының өкілдері үшін семинарға қатысу халықаралық тәжірибемен, инклюзивті ортаны дамытудың өзекті құралдарымен және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеуді ұйымдастырудың заманауи тәсілдерімен танысуға мүмкіндік берді.