Басты бет › Қазіргі балалар: оларға неге соншалықты қиын?

Қазіргі балалар: оларға неге соншалықты қиын?

Қазіргі балалар: оларға неге соншалықты қиын?

Қазіргі балалардың эмоционалдық жағдайы, мектепке ерте дайындық, ойынның бала дамуындағы рөлі және заманауи балабақшаның міндеттері – мектепке дейінгі білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі.

Осы тақырыптар «Қарлығаш» балабақшасының директоры Гүлшат Онланбекқызының Bilimdi El студиясында жазылған подкастқа қатысуы барысында талқыланды. Жүргізуші Ляззат Түркестановамен болған әңгімеде мектепке дейінгі тәрбиенің заманауи тәсілдері мен баланың жан-жақты дамуына қажетті жағдайлар сөз болды.

Подкаст барысында мектепке дейінгі кезеңді тек мектепке дайындық уақыты ретінде қарастырудың шектеулілігіне назар аударылды. Баланың дамуында академиялық біліммен қатар ойын, эмоционалдық интеллект, дербестік, шығармашылық қабілет және әлеуметтік дағдылардың маңызы атап өтілді.

Сондай-ақ қазіргі балалардың эмоционалдық осалдығына әсер ететін факторлар, ақпараттық ортаның ықпалы, отбасындағы тәрбие ерекшеліктері және ата-ана қамқорлығы мен баланың дербестігі арасындағы тепе-теңдік мәселелері қозғалды.

Әңгіме барысында мынадай маңызды сұрақтар қарастырылды:

- Неліктен қазіргі балалар арасында мазасыздық пен эмоционалдық осалдық жиі байқалады?

- Баланы мектепке дейін оқуға және жазуға үйрету қаншалықты қажет?

- Ойын баланың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамытуға қалай ықпал етеді?

- Мектепке дейінгі білім беруде халықаралық тәжірибенің қандай тәсілдері тиімді?

- Ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, заманауи педагогикалық әдістерді қалай ұштастыруға болады?

- Балабақшаның дамытушы ортасы баланың мінез-құлқы мен дербестігіне қалай әсер етеді?

- Қазіргі тәрбиешіге қандай кәсіби талаптар қойылады?

- Ата-аналар мен педагогтер арасындағы сенімді қарым-қатынасты қалай қалыптастыруға болады?

Гүлшат Онланбекқызы мектепке дейінгі білім берудің сапасы баланы ерте жастан академиялық біліммен қамтамасыз етумен ғана өлшенбейтінін, ең алдымен оның жеке ерекшеліктерін ескеріп, үйлесімді дамуына жағдай жасау маңызды екенін атап өтті.

Подкаст мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің өзекті мәселелерін кәсіби тұрғыдан талқылауға, ата-аналар мен педагогтер үшін маңызды сұрақтарға назар аударуға мүмкіндік берді.

Толық видео осы сілтеме арқылы көруге болады.