2026 жылғы 20 қарашада Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасында «Жаһандық өзгерістер жағдайындағы мектепке дейінгі жастағы балалардың психологиялық әл-ауқаты (Well-being) және бейімделу әлеуеті: тәуекел факторлары мен қолдау ресурстары» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.
Конференцияға Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің мектепке дейінгі білім беру саласындағы ғалымдары, жетекші сарапшылары мен педагог-практиктері, білім беру ұйымдары мен ғылыми-білім беру мекемелерінің өкілдері қатысады деп жоспарлануда.
Іс-шара аясында балалардың психологиялық әл-ауқаты, өзін-өзі реттеу дағдыларын дамыту, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу және қолдау, сондай-ақ «цифрлық балалық шақ» жағдайындағы когнитивтік даму мәселелері талқыланады.
Конференция бағдарламасында мектепке дейінгі білім беру саласындағы озық тәжірибені, заманауи ғылыми тәсілдер мен тиімді педагогикалық практикаларды таныстыруға арналған пленарлық және секциялық отырыстар қарастырылған. Сонымен қатар инновациялық әзірлемелер, заманауи технологиялар мен әдістемелер, оқу-әдістемелік материалдар және білім беру ресурстары ұсынылатын көрме ұйымдастырылады.
Конференцияның негізгі мақсаты – мектепке дейінгі жастағы балалардың психологиялық әл-ауқатын қамтамасыз ету, олардың бейімделу әлеуетін нығайту және заманауи білім беру ортасында тиімді қолдау тетіктерін талқылау, ғылыми және практикалық тәжірибе алмасу.
Өтетін күні: 2026 жылғы 20 қараша
Қатысушыларды тіркеу: 09:30
Конференцияның басталуы: 10:00
Аяқталуы: 17:00
Өтетін орны: Астана қаласы, А. Сызғанов көшесі, 1, №3 «Қарлығаш» балабақшасы
Өткізу форматы: офлайн және онлайн
Жұмыс тілдері: қазақ, орыс және ағылшын тілдері