Қазақта «Жоқтан бар жасау» деген ұғым бар. Мұндай теңеу әдетте ойы ұшқыр, шығармашылық қабілеті мықты, қарапайым нәрсенің өзін гүлдендіріп жіберетін жандарға айтылады. Әрбір ата-ана немесе бала тәрбиесімен айналысып отырған кез келген адам, тіпті маман алдындағы тәрбиеленушінің болашақта жоқтан бар жасай алатын тұлға болып қалыптасқанын қалайды. Бұл үшін кішкентай кезінен баланың шығармашылық ойлауын дамыту қажет. Ал оны қалай дамытамыз?
Осындай маңызды сұраққа «Қарлығаш» балабақшасының мамандары Стратегиялық дамыту және инновациялар секторының меңгеруші-әдіскері Құралай Мерекеқызы өткізген семинарда жауап іздеді. Қатысушылар практикалық жұмыс барысында математикада ғана пайдаланылатын санау таяқшаларының қолданылу аясы әлдеқайда кең екеніне көз жеткізді.
«Негізі санау таяқшалары біз біл білмейтін түрлі мүмкіндіктерге ие. Бұл қолдың ұсақ моторикасын, баланың зейінін, қиялын, ойлауын, сөйлеуін дамытуға, сауатын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар геометриялық көріністерді қалыптастыруға және кеңістіктік қиялды дамытуға мүмкіндік береді», дейді Қ.Мерекеқызы.
Семинар спикері қатысушыларға балалармен бірге іске асыруға болатын бірнеше ойын әрекетін көрсетті. Мысалы, Пішіндер мекені». Балаға кішкентай кезінен пішіндердің негізгі түрлерін үйрету қажет. Ал бұл үшін осы санау таяқшаларын қолдана аласыз. Семинардағы тағы бір ойын Әріптермен танысайық» деп аталады. Санау таяқшаларымен әріптерді бейнелейміз. Тапсырманы баланың жас ерекшелігі мен қабілетіне қарай күрделендіре беруге болады. Мысалы, әріптерден сөз, сөздерден сөйлем құрауды, сөздерге дыбыстық және әріптік талдау жасауды тапсырыңыз. Қатысушылар «Конструктор таяқшалар» ойынына белсене қатысқандай. Мұнда санау таяқшаларын ермексаздан жасалған шариктердің көмегімен байланыстыра отырып, үшөлшемді фигуралар құрастыруға болады. Осы арқылы балалардың қиялын, шығармашылық ойлауын және кеңістікті бағдарлау қабілетін дамамыз.
Бұл – семинардағы біраз ойын әрекетінің бірнешеуі ғана. Осы бір маңызды да қызықты жиынға қатысқан педагогтер тағы қандай ойын әрекетінің болғанын, дәл қайсысы ерекше ұнағанын, тәжірбиеде қай түрін қолданып үлгергені мен оның нәтижесін айта жатар. Оған дейін, құрметті оқырмандар, сіздің фантазияға қандай ой мен ойын келгенін жазыңыздар. Кімнің ойлау қабілеті жүйрік және тапқыр екенін біле отырайық.