Бала көшеде серуендегенде айналасындағы әлем туралы түсінігін кеңейтеді, әсер алады. Көшедегі көріністерге: үйлерге, адамдарға, көліктерге, ағаштарға, құстарға, жануарларға қарап, жаңа дыбыстар мен иістерді тану – бала осы байлықтың бәрін сөзбен айтуға шынайы шабыт алады.
Жаңа бақылаулар, демек бала белсенді қозғалса, жаңа әсерге бөленеді: саябақтағы жолдарда жүгіреді, ойын алаңындағы баспалдаққа көтеріледі, көгершіндерді ұшырып ойнайды, қар немесе мұз, құм немесе шұңқырдағы суды қарайды. Басқаша айтқанда, жас зерттеушінің қозғалыс белсенділігі оның сөйлеу және ақыл-ой дамуының міндетті шартына айналады.
Сөйлеуді дамытатын серуендер неғұрлым көп болса, баланың сөздік қоры байи түседі және көз алдындағы дүние оның өз бетінше сөйлеу қабілетін қалыптастырады.
Нұсқалар:
Синонимдерді қолдану арқылы сөйлеміңізді түрлендіруге тырысыңыз: дымқыл құмды ылғал құм деп айтуға болады. Баланы салыстыруға және талдауға үйретіңіз: таңертең құм шықтан (жаңбырдан кейін) ылғал болды, ал күндіз күннің шуағынан кеуіп кетеді. Баламен бірге құмға қарап, құрғақ құмның төгіліп жатқанына назар аударыңыз, ал дымқыл құмнан түрлі формалар жақсы шығады, өйткені ол сумен «жабысады». Құмсалғышта ойнап, шелекке немесе құмыраға құм толтырып, құм жолағына жол төсеп жатқанда, бала мезгіл-мезгіл анасының бұл заттарды қалай атайтынын естуі керек. Анасының сөзінде: құм – құмды – құмсалғыш – құмсауыт, бала біртіндеп тілдің сөзжасам құпиясымен танысады, «жақсы» және «жаман», «үлкен» және «кішкентай» деген сөздерді ажырата білуді үйренеді.
Қарапайым сөз тіркестерін құрып, біртіндеп қиындатамыз. Тиын. Тиын секіреді, Тиын жаңғақ жейді. Тиын бұтақтың артына тығылды.
Сөйлеудің дұрыс грамматикалық құрылымы үшін көшеде санау өте жақсы: 1 қызыл машинА, 5 көк машинА, әртүрлі машинаЛАР, ...қызыл машинаЛАРҒА. Осылайша бала санауды, түстерді ажыратуды, көпше түрде жалғаулардың қалай жалғанатынын біледі. Мысықтарды, тастарды, жапырақтарды және т. б. санауға болады.
Дыбыстармен ойнаймыз: біз берілген дыбысы бар заттарды табамыз, сөздегі «Ш» дыбысы сөзде нешінші екенін айтамыз (қашық – үшінші). «Ш» дыбысы сөздің басында (шана), соңында кездесетін сөздерді де (Сайраш) табамыз.
«Бір-көп» ойыны. Менде бір қысқа таяқ бар, ал сізде ұзын таяқтар көп. Менде бір бақ-бақ бар, далада ұзын-қысқа бақ-бақтар бар. Бала қазақ тілінде көптік мағына беретін (көптеген, біраз, барлық, он шақты, мыңдаған) сөздерден кейін келетін зат есімге көптік жалғау жалғанбайтынын түсінуі керек. Мысалы, аулада көп бақ-бақ бар.
Жұмбақтар. Айналаңыздағы бір заттың атауын жасырыңыз және бірінші дыбысын атаңыз немесе затты сипаттаңыз. Бала табуы қажет.
Жаяу жүрудегі тағы қандай әсерлер сізге сөйлеуді дамыту бойынша импровизацияланған іс-шараларға қолдау бола алатынын сіздің зейініңіз бен қиялыңыз айтады.
Бірақ мына нәрселерді есте сақтау маңызды:
- жарқын әсер, жағымды эмоция – баланы сөйлеуге итермелеудің ең тиімді құралдарының бірі. Басқаша айтқанда, бала соның әсерінен көргенін айтуға құлшынып, бұл туралы ата-анасына жеткізуге асығады.
- серуендегі әсер – баланың толыққанды дамуына қажет қарым-қатынас үшін табиғи жағдай.
- сөйлеу айналасын түсінуге ғана емес, бала үшін жаңа нәрсені үйренуге, жаңа дүние жасауға, қоршаған әлемді тануға байланысты күрделі ақыл-ой әрекеттерін орындауға мүмкіндік береді.
Таза ауадағы танымдық серуен мен көңілді диалог көп болсын!
Балғабекова А.Қ.
Қазақстан Республикасы Президенті іс басқармасы Медицина орталығының
«Қарлығаш»балабақшасы» РМК-нің логопед маманы