Басты бетБолашаққа қамқорлықтың үлгісі

Болашаққа қамқорлықтың үлгісі

Болашаққа қамқорлықтың үлгісі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын білім беру саласының өкілі ретінде жылы қабылдадым. Өйткені Президент бұған дейінгі отандық педагогиканың дамуы мен білім сапасының артуына ықпал еткен тиімді шешімдерін осы жолы да нақты бағыттармен жалғастырды. Президент Балалар жылында, Білім күнінде жарияланған Жолдауында мектепке дейінгі білім беру жүйесіне айрықша көңіл бөліп, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек екенін айтты. Біз «Балапан» бағдарламасы арқылы 3 пен 6 жастағы балаларды балабақшамен 100 пайыз қамти алдық. Осындай көрсеткішке мемлекет-жекеменшік әріптестік негізінде қол жеткіздік. Бірақ Мемлекет басшысы мәселе ретінде көтергендей, екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан көбі ғана балабақшаға барады. Сөзсіз, мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Сол себепті де Қасым-Жомарт Кемелұлы балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешуді тапсырды. Мемлекеттің мүддесі бәрімізге ортақ міндетке айналады. Бұл ретте біздің «Қарлығаш» балабақшасы мемлекеттік саясатпен үндестікте жұмыс істеп отыр деп айта аламын, өйткені біз балаларды 2 жастан бастап қабылдаймыз. Әрине, ел көлемінде осы мәселені шешу үшін кәсіпкерлік тарапынан да жанашырлық пен қолдау қажет. Кез келген саланың дамуы ондағы кадрлардың кәсібилігіне тікелей тәуелді. Балаларды 2 жастан бастап толығымен мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етіп, балабақшаларды көптеп ашуға қол жеткізерміз. Дегенмен салаға білікті кадрлар тартпайынша жүйені лайықты жетілдіру қиынға соғады. Мәселенің осындай екінші жағын да ескерген Мемлекет басшысы осы жолғы Жолдауында тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керегін, осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс екенін айтып, олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн болатынын жеткізді. Біздің балабақша биыл Оқу-ағарту министрлігі қолға алған «Екі тәрбиеші» қанатқақты жобасын аппробациядан өткізуге атсалысты. Бұл жоба Президенттің жоғарыда айтқан талаптарын нәтижелі орындауға мүмкіндік береді. Себебі осы жоба енгізілсе, бір топта 2 тәрбиеші күні бойы жұмыс істейді. Мұндай жүйе тәрбиешілердің жұмыс жүктемесін азайтады әрі топтағы әр балаға көбірек көңіл бөлуге жағдай жасайды. Ал тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесі артып, жалақысы өссе, кәсіби кадрлар көптеп тартылады. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде ғана мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасы артады. Бейбітгүл ҚАЗАҚПАЕВА, Президент Іс басқармасы Медициналық орталығына қарасты «Қарлығаш» балабақшасының директоры Сілтеме: https://egemen.kz/article/322138-bolashaqqa-qamqorlyqtynh-ulgisi