Басты бет
›
«Н» және «Ң» дыбыстарының дұрыс айтылуы
«Н» және «Ң» дыбыстарының дұрыс айтылуы
Бүгінде «Н» мен «Ң» дыбыстарының дұрыс айтылуын, балалар тіпті, үлкен адамдар да шатастырып жатады. Сол себептен, «Қарлығаш» балабақшасының логопед маманы Роза Байталиева дыбыстары енді қалыптасып келе жатқан мектепке дейінгі балаларда қазақ тіліне тән дыбыстардың бірі «Ң» дыбысын қалыптастырудың жолдары мен «Н» дыбысымен айтылу ерекшеліктерін ұсынады:
Дыбыстардың жасалуына мән беру:
- «Н» дыбысын айтқанда тілдің ұшы үстіңгі тіске тіреледі.
- «Ң» дыбысын айтқанда тілдің ұшы артқа шегінеді.
«Ы» дыбысы арқылы оңай ажыратуға болады:
- «Н» дыбысын айтқанда «Н» дыбыснан кейін «Ы» дыбыс естіледі. Бұл жерде жазылуы емес естілуі (ны-ны-ны).
- «Ң» дыбысын айтқанда «Ы» дыбысы «Ң» дыбысының алдына шығып кетеді (ың-ың-ың).
«Н» және «Ң» дыбыстарын айтқанда ауа мұрын арқылы шығады.
«Ң» дыбысы көбіне ілек септігінің сұрақтарына жауап беруге қолданылады: Кімнің? Ненің? (баланың, кітаптің, оқушының).
«Ң» дыбысы ІІ жақ тәуелденіп келетін сөздерде кездеседі (сенің балаң, сенің кітабың, сенің қаламың).
«Ң» дыбысын қоюда баланың аузын ашып тілінің ұшын артқа тартып жұмсақ таңдайға тигізуді ұсыну керек. Егер бала өздігінен жасай алмаса логопед немесе үйретушісі арнайы медициналық шпательмен тілдің ұшын артқа итереді. Шпательмен жұмыс жасау барысында баланың сол сәттегі эмоциясына баса назар аудару керек. Бір рет шпательмен көрсетіп, келесіде баланың дыбысты дұрыс айтуға қызығушылығын оятып, шпательдің орнына бала өзінің сұқ саусағымен тілінің ұшын артқа итеруге болады. Дыбыс қойылғанан кейін, «Ң» дыбысын буында сөзде бекіту қажет.