Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Іс Басқармасының Медициналық орталығына қарасты «Қарлығаш» балабақшасының бас аспазы Лилия Гера.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегенді осы кісіге қаратып айтсақ артық емес. Лилия Гераның әжесі де, анасы да аспаздық кәсіпті серік еткен жандар.
– Балабақшада жұмыс істеу үшін балаларды жақсы көру керек. Уақыт өте келе олардың қандай тамақты сүйсініп ішетінін де біліп аласың. Сондай-ақ таңдаған кәсібіңе адал болуды, жауапкершілік пен байқампаздықты талап ететін жұмыс. Мен әжем мен анамның ізін жалғап, осы салада еңбектеніп, дамып келе жатырмын, – дейді ол.
Лилия Гера ең жоғарғы алтыншы разрядты аспаз. Еңбек өтілі – 37 жыл. 2011 жылы «Қарлығашқа» жұмысқа орналасып, жаңадан іргесі қаланған балабақшаның тағамханасын қалыптастыруға атсалысқан адам.
Оның жұмыс күні таңертең тағамхананың жай-күйін бір тексеріп шығудан басталады. Одан соң әріптестерімен ақылдасып, сол күнгі ас мәзірін анықтайды. Балабақшада алдын ала белгіленіп, басшылықпен келісілген тағам түрлері болады. Күн сайынғы мәзір сол бойынша жасалады. Үш жүзден артық баланы тамақтандыру оңай емес.