







ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасында «Өсу нүктелері. Трансформация уақыты» тақырыбында қалалық семинар өтті.
Семинар жұмысына ҚР Білім Министрлігінің «Баланы ерте дамыту институты» РММ, РФ МҚПУ Жүйелік жобалар институты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Астана қаласы білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығы» КММ, № 95 «Алматы» бөбекжай-балабақшасының өкілдері және «Қарлығаш» балабақшасының педагогтері қатысты.
«Қарлығаш» балабақшасының директоры Бейбітгүл Казақпаева семинарды аша отырып, шараның тәжірибе алмасу және «Мектепке дейінгі мекемеде екі педагог күні бойы топта» пилоттық жобасының нәтижелерін талқылаудағы маңыздылығын ерекше атап өтті.
ҚР Білім Министрлігінің «Баланы ерте дамыту институты» РММ директоры Манара Адамова мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнын сапалы трансформациялаудағы педагогтің дайындығы туралы баяндамасында оған негіз болған мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың жалпыға міндетті стандарты, үлгілік оқу жоспары және оқу бағдарламаларына тоқталды. Ал «Қарлығаш» балабақшасының методистері мен педагогтері балалар іс-әрекетінің түрлерін интеграциялау арқылы балаларды дамыту бойынша сабақтар өткізді.
Семинар аясындағы дөңгелек үстелде «Қарлығаш» балабақшасының №2 объектісінің меңгерушісі Раушан Қожахметова «Өзін-өзі талдау. «Қарлығаш» өсу нүктелері» баяндамасында «Өсу нүктелері» пилоттық жобасының барысына тоқталды. №95 «Алматы» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Анар Смакова «Өсу нүктесі» республикалық пилоттық жобасының тәжірибесі мен нәтижелері мен «Мектепке дейінгі ұйымдағы топта күн бойында екі педагог» жобалары туралы айтты. РФ МҚПУ Жүйелік жобалар институтының жетекші ғылыми қызметкері Ольга Шиян жалпы мектепке дейінгі білім берудің еркін қызметі мен қазіргі заманғы сапасына тоқталып, тәжірибелі эксперт ретінде мектепке дейінгі білім берудің дәстүрлі тәжірибесіне жаңа көзқарас қалыптастырудың маңыздылығын айтты. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Сайра Жиенбаева өз кезегінде мектеп жасына дейінгі балалардың әлеуметтік-эмоционалдық даму ерекшелігі тақырыбын қозғады.
«Өсу нүктелері. Трансформация уақыты» қалалық семинары нәтижелі өтті. Қатысушылар сұрақ-жауап форматында пікір алмасып, ұйымдастырушыларға пайдалы талқылау мен жүйелі диалог үшін алғыс білдірді.