Балалар суыққа төзімдірек келеді
Балабақшада серуен – тәрбиелеу-білім беру процесінің маңызды бөлігі саналады. Серуенде балалар белсенді қимылдап, таза ауамен тыныстап, айналадағы дүниені танып, еңбекке дағдыланады және өзіне-өзі қызмет етуді үйренеді. Бала киінгенде, далаға шыққанда, ғимаратқа қайта кіргенде өзі үшін көп дағдыларды қалыптастырады.
Үлкен кісіге қарағанда кішкентай балалар суыққа төзімдірек келеді. Оның себебі баланың физикалық, физиологиялық, ерекшеліктерімен байланысты. Әрине, ауа райына қарай дұрыс, жылы, ыңғайлы киіндіруге де жіті көңіл бөлеміз. Баланы серуенге киіндіргенде тәрбиеші мен көмекші барлық баланың жылы киімдері дұрыс, ыңғайлы киілгенін, баланың қолғабы, мойын шалғысы, бас киімі, қар, су өтпейтін аяқ киімі болуын қадағалайды.
Биылғы ауа райы әдеттен тыс жылы болып тұр, сондықтан балаларға дұрыс аяқ киім таңдау өте маңызды. Заманауи өндірушілер де өте көп аяқ киім түрін ұсынуда. Соның ішінде әр баланың өз табанына, физиологиялық ерекшеліктеріне сай, жылы нәскимен киілетіндей, оңай киіліп, оңай шешілетін аяқ киімді таңдау керек. Және ол балаға ұнауы керек. Соңғы кездері аяқ киімде көктайғаққа қарсы тіреуіштері бар технологиялар да қолданылады, бұл бала қауіпсіздігі үшін өте маңызды.
Санитарлық-эпидемологиялық ережелерге сәйкес, кіші және орта топтағы 4 жасқа дейінгі балаларды -15 градустан және жел жылдамдығы 15 м/секундтан аспаған жағдайда далаға шығарамыз. Ал 4-6 жастағы – ересек және мектепалды топ балаларын серуенге шығару үшін ауа райы -20 градустан және 15 м/секундтан суымауы керек. Осы жағдайда балалар күніне екі рет далаға шығарылады және жалпы таза ауада 4-4,5 сағат уақыт өткізеді.
Шананы қалай таңдау керек?
Шанамен сырғанау – бір жағынан ойын болса, ересектер үшін баланы қыста жеткізетін маңызды құрал. Ата-ана шананың материалына баса көңіл бөлуі қажет. Олар металлдан, ағаштан немесе пластиктен жасалады. Металл шаналар әрине сенімді, берік болады. Ағаштан жасалғандар – экологиялық таза бұйым болғанымен, ылғалға төзімсіз, одан балаға сыз өту қаупі бар. Ал пластик шана – өте жеңіл және нәзік, пластик шана таңдағанда баланың салмағын, ойын үшін бе әлде тасымалдау үшін керек пе – бәрін ескеру керек.
Балаға шана таңдағанда баланың арқасын сүйеп отыратындай, қолымен шананы ұстап отыратындай тіреуіштері барын алған жөн. «Айналайын баладан, түсіп қалған шанадан» деген ән бар еді ғой, сол секілді ересектер бала шанадан құлап қалмады ма, ауып кетпеді ме деп оқтын-оқтын қарайлап жүруі керек.
Бала ағзасына конькидің пайдасы көп
Қысқы ойынның тағы бір түрі – коньки. Бала конькиде сырғанағанда физикалық жаттығулармен бірге, түрлі вестибулярлық аппаратты, тұтас ағзаны нығайтатын пайдасы зор екен. Баланы аптасына бір рет конькиге тұрғызудың өзі вирустарға, инфекцияларға қарсы, суық тию сияқты аурулардың алдын алады. Мұз бетіндегі пайда болатын құрғақ және суық ауа баланың мұрын және тыныс алу жолдарының қорғаныс функциясын арттырады. Сонымен қатар коньки тепкен баланың өзіне сенімділігі күшейеді.
Мамандар конькиді балаға 4 жастан бастап үйреткен дұрыс деп есептейді. Ал егер 2-3 жаста конькиге тұрғызса, баланың мұзда жүру уақытын шектеу керек, үлкен кісі сүйемелдеуі керек, себебі 2-3 жаста баланың жалпы ағзасы онша жетілмейді. Ал 4-5 жаста баланың бұлшықеттері, буындары, тірек-қимыл жүйесі жетіліп, мұзға шығуға толық дайын болады.
Бастапқыда балаға екі жолақты коньки таңдаған жөн. Сосын мұз үстінде құлаудың да тәртібін үйреткен артық болмайды. Құлаған жағдайда бала кішкене алға қарай еңкейіп, тізесін бүгуі керек немесе жамбасқа құлауға тырыссын. Жерді қолмен тіреп қалмай, керісінше қолды өзіне жинап, жұмсақ бұлшықетімен құлағаны анағұрлым жеңіл болады. Үй ішінде баламен бірнеше рет жұмсақ матрацтарға құлап көруге болады.
Мұз қалыңдығы неше сантимер болуы керек?
Көптеген қалада өзен-көлдерге мұз қатқанда, сырғанақтар ашыла бастайды. Әрине, мұнда да бала қауіпсіздігіне баса көңіл бөлу керек. Егер адам аз болса, мұзға қатты салмақ түспейтін жағдайда су айдынында қатқан мұздың қалыңдығы 12 см болса жарайды. Ал егер адам қарасы көп болса, қоғамдық сырғанауға арналған жер болса – мұз міндетті түрде 25 см болуы шарт.
Табиғи мұз айдынына бірінші рет барсаңыз және баламен барсаңыз – жаға жақта сырғанаңыз, алыс кетіп қалмаңыз, жоғарыда айтылған мұз үстінде құлау ережелерін сақтаңыз. Адамдар ағынымен бірге қозғалуға тырысыңыз. Мұз үстінде ұзақ отырмаңыз немесе жатпаңыз. Әрине, жылы киім және термо іш киім киюді ұмытпаңыз.
Қар жейтін баланың ағзасына темір жетіспеуі мүмкін
Серуен кезінде баланың қар жеуі немесе мұз жалауы жиі кездеседі. Қардың өзі ұсақ мұз кристалдарынан, судан тұрады. Әйтсе де, жерге жауған қардың, жауын-шашынның құрамында тұз, мұзды еріту үшін себілген реагенттер, бактериялар, вирустар, құс және жануар зәрі, шаң, кір секілді бөгде заттар болуы мүмкін.
Бұл жерде балаға неліктен қар жеуге болмайтынын дұрыс түсіндіру маңызды. Мысалы, біз балабақшада даладан қар әкеліп, оны балалармен бірге ерітіп, зерттеу жасаймыз. Еріген қар суын кранның таза суымен салыстырып қараймыз. Сол кезде балалар қар суының таза еместігін, мөлдір еместігін, кір, шаң, шаш секілді бөгде заттардың тұнғанын көріп, өздері ой түйеді.
Жалпы балалар неліктен қар жеуге құмар? Бұл баланың шөлдеуіне байланысты болуы мүмкін және ағзадағы темір тапшылығына да байланысты. Баладан «Шөлдеп тұрсың ба?» деп сұрау керек, термосқа жылы су немесе компот алып шығу керек. Ал бала шөлін қандырып тұрып, бәрібір қарға аңсары ауса, анализін тапсырып, темір тапшылығы бар ма, соны анықтау керек.